Таразда «Жеңіс» саябағы жаңғыртылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Жеңіс» саябағы жаңғыртылуда

03.05.2018

Тараздықтар биыл Жеңіс күні мерекесін жаңа саябақта атап өтетін болады. Қазір облыс орталығында осыдан 33 жыл бұрын салынған саябақ қайта жаңартылып жатыр. Құрылысқа қазынадан  370 млн. теңге бөлінген.

Гүлнұр Қайратқызы, тілші:

- Енді санаулы күндерден соң құрылыс қайнап жатқан аумақ танымастай өзгеретін болады. Жоспарға сай мұнда Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған үлкен мемориалды кешен орнатылады. Батыр Бауыржан Момышұлының  ескерткіші қойылып, «Мәңгілік алау» осы жерге көшіріледі.

Бұрын Бауыржан Момышұлы атындағы Жеңіс саябағы деген атаудан басқа мұнда тарихи оқиғаға қатысты жәдігер жоқтың қасы болатын. 30 жылдан бері жөндеу көрмеген жасыл бақты заманауи келбетке келтіру үшін 3 кезең бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Ғалымжан Әбдірайымов, Тараз қаласының әкімі:

- Қазір 9 мамырға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сосын Ауған соғысы ардагерлері бар, оларға да мемориал орнатылады.

Жамбылдық 48 батырдың есімі жазылған «Батырлар аллеясы» бітуге жақын. Осы өңірден майдан даласына аттанғандар да ескерусіз қалған жоқ. 100 мыңнан астам ардагердің аты-жөні мәрмәр тасқа қашап жазылды.

Қылыш Мақаев, тұрғын:

- «Жеңіс» паркі деп аталғанмен, соғысқа қатысқандардың тізімі жоқ еді. Ешқандай іскерлік жұмыс жүрмеген еді. Міне, биыл істеп жатқан жұмыстарына рахмет. Бұрын Құран оқып үйде еске алсақ, енді осында келіп тағзым етеміз.

Жеңістің 73 жылдық мерекесін осы саябақта атап өту үшін құрылыс қарқынды жүруде. 300 адам екі ауысымда күні-түні жұмыс істеп жатыр. Монтаж жұмыстарымен қатар, аумақты абаттандыру үшін жас ағаштар мен гүл көшеттері егілуде.

Талғат Құсманов, жұмысшы:

- Екі ауысымда күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. 9 мамырға дейін аяқтаймыз.

Ауған соғысы ардагерлері мен Чернобыль, Семей полигоны зардабын жоюға қатысқандарға да дәл осы саябақта музей соғылады. Тұрғындардың серуендеп, тынығуы үшін арнайы веложолақ салу жоспарланған. Саябақ аумағындағы шағын көлдің жағалауы көпшілік демалатын орынға айналмақ.

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу