Рамазан айы биыл мамырдың 16-сы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рамазан айы биыл мамырдың 16-сы басталады

03.05.2018

Барша мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айы биыл мамырдың 16-сы басталады. Исі мұсылман бұл айда ораза ұстап, ауыз аштырып, тарауих намазын оқып және Құран қатымға қатысып, пітір садақа береді. Мүфтияттың шешімімен садақа мөлшері былтырғы 300 теңге қалпында қалды. Ал, «Қасиетті Қадыр түні» маусымның 10-нан 11-не қараған түні болады. 

Әлімжан Жеңісбекұлы биыл алғаш рет ауыз бекітуге бекінді. Оның мұндай шешім қабылдауына бірге оқитын достары әсер еткен. Қазірден бастап әдеттегіден ас-ауқатты аз тұтынып, іш-сыртын дайындап жүр. Оның ойынша, өзіне бәрін рұқсат еткен адам мықты емес, керісінше кей уақытта таза судың өзінен бас тарта білген пенде шын мықты.

Әлімжан Жеңісбекұлы, ІІІ курс студенті:

- Бізде 25 студент бар. Бәріміз ораза ұстасақ деп отырмыз. Биыл ораза жазға келіп тұр. Қиын болатын секілді. Бірақ, барынша алып шығамыз деп ойлап отырмыз.

Биыл айлардың сұлтаны Рамазан мамырдың 16-сына тұспа-тұс келіп тұр. Шариғат шартына сай, таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда ауыз бекітіледі. Биыл ораза 30 күн өтеледі. Демек, маусымның 14-і күні Ораза айт басталады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, «Рамазан айы бұл-бірліктің, кешірімнің, сабырлықтың мерекесі».

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМБД төрағасының бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:

- Биыл 15 мамыр күні кешкісін тарауих намазы оқылады. Тарауих оқылғаннан кейін қасиетті Рамазан айы басталып кетеді.

Балиғат жасына толған, өзін мұсылманмын деп атайтын қауым үшін Ораза парыз. Ал, денсаулығы нашар, емге сүйеніп жүрген адамдардың жөні бөлек. Егер, қандай да бір себеппен ауыз бекіте алмаған адам, Ораза ұстаған жанға ауызашар дастарханын жайса оның өзі құба-құп дейді шариғат жолы.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу