Каспийді жағалаған елдердің сауда-саттығы артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспийді жағалаған елдердің сауда-саттығы артады

03.05.2018

Каспий теңізін жағалаған елдер арасында сауда-саттық арта түседі. Түркіменстанның Түрікменбашы қаласында теңіз порты ашылды. Салтанатты шараға ел президенті Гүрбанғұлы Бердімұхамедов қатысып, жаңа нысанның мүмкіндіктері жөнінде баяндады. Теңіз портының ашылуына Қазақстаннан да арнайы делегация барып, бауырлас елдің қуанышына ортақтасты. Бұл қадам қос елдің арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді.

Бақытжан Омар, тілші:

-Түрікменстанның Түрікменбашы қаласы – туристер көп келетін аймақ. Бұл жақтың халқы салт-дәстүрді берік ұстанып, сырттан келген мейманды ерекше қарсы алады. «Енді қаланың жағдайы мүлде өзгереді»,- дейді ел билігі. Өйткені, жаңадан ашылған теңіз порты аймақтың экономикасын көтереді. Тек ғана қалаға емес, алыс-жақын шетелдерді, Каспий теңізін жағалаған елдерге де пайдасын тигізеді.

Түрікменстан үшін бұл тарихи күн. Өйткені, жаңа  нысан теңіз деңгейінен төмен орналасқан әлемдегі ең үлкен порт атағына ие болды. 1 миллион 358 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Жергілікті халықтың қуанышында шек жоқ.  Өйткені, бұл аймаққа енді туристер көптеп ағылады. Теңізде круиз жасап, қарт Каспийдің әсем табиғатын көруге мүмкіндік туады. Теңіз портының ашылуына ел президенті Гүрбанғұлы Бердімұхамедов арнайы келді.

Жаңа халықаралық кешеннің бір жылда 75 мың кеме мен 300 мың жолаушыны  қабылдауға қауқары жетеді.  Паромға, жолаушыларға және жүк контейнерлеріне арналған бірнеше терминал орнатылған. Порттың арқасында көршілес елдер арасында жүк тасымалы арта түседі, сауда-саттық жанданады. Каспий теңізін жағалаған елдер енді бұл халықаралық дәлізді пайдаланып, жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік алады. Түрікменстан басшысы шара аясында ұйымдастырылған Жібек жолы форумында бірнеше елді порттың мүмкіндігін пайдалануға шақырды.

Гүрбанғұлы Бердімұхамедов, Түрікменстан президенті:

- Каспий жағалауы елдерінің арасындағы алыс-беріс жылдан-жылға артып келеді. Қазақстанның Ақтау порты, Әзірбайжанның Баку портымен тығыз байланыстамыз. Көршілес елдермен қатынас енді жаңа деңгейге көтеріледі. Тек жүк тасымалымен емес, қарапайым халықтың кемемен емін-еркін серуендеп, бір-біріне қыдырып баруға бар жағдай жасаймыз. Түрікменбашы теңіз портымен әріптестік орнатамыз деген елдерге есігіміз айқара ашық.

Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан көлік-транзит саласында берік байланыс орнатқан. Қос ел басшысы былтыр Астанада теңіз мүмкіндігін пайдаланып, Каспийде жаңа бағыттар ашуды талқылаған. Түрікменбашы теңіз порты бұл жоспарды жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасайды.

Абай Түрікпенбаев, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ президенті:

- Жаңа теңіз порты алдымен Қазақстан мен Түрікменстан арасында тасымалданатын жүк көлемін арттырады. Жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Қос елдің де транзиттік әлеуетін арттырады. Мұның бәрі екі елдің экономикасына пайданы молынан әкеледі. Ел президентінің өзі жиында Қазақстанның Ақтау портының мүмкіндігін атап өтті. Енді, іске білек сыбана кірісу керек. 

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-саттық бүгінгі күні 300 миллион доллардан асты. Жаңа теңіз порты енді бұл көрсеткішті еселеуге мүмкіндік беретініне еш күмән жоқ.

Бақытжан ОМАР

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу