Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы жаңа мешітке барды. Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы қарсаңында елордамызда бой көтерген тоғызыншы мешіт «Сарыарқа» ауданында Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан. Қазақстан Президентіне мешіттің салыну барысы, сондай-ақ, осы ғимаратты электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету үшін пайдаланатын баламалы энергия көздері жөнінде мәлімделді. Құрылысы 2016 жылы басталған. Қайырымдылық мақсатпен жиналған қаражат есебінен тұрғызылды. Мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтерді қолдана отырып, постмодернизм стилінде салынған. Негізгі ғимарат күрделі әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Мешіттің сыйымдылығы 750 адам.