Кәсіпкерлер «Астана» банкіндегі шоттарынан қаражаттарын ала алмай жатыр
«Астана» банкі клиенттерін тығырыққа тіреді. Әсіресе, заңды тұлғалар зардап шегіп отыр. Өйткені, түрлі кәсіппен айналысатын іскер орта шоттағы қомақты қаражаттарын ала алмай, шаруалары шатқаяқтап қалған. Соның кесірінен қарапайым жұмысшылар жалақыларынан қағылу алдында тұр. Ал, елордадағы филиал басшысы мұндай жағдай заңдық тұрғыдан дұрыс не бұрысына жауап беруден бас тартты.
Банк алдын торуылдап тұрған негізінен жеке кәсіпкерлер. 50-ден астам адам ең азы 10 күннен бері шотындағы қаражаттарын шеше алмай жүр. Соның мәнісін білмек үшін кеңсеге келгендерді ішке беттетпеді. Тіпті кездесуге шығып еш жауап та қатпаған. Ал, заңды тұлғалардың дені бюджеттен бөлінген ақшаны уақытылы игеріп, мемлекеттік тапсырысты дер кезінде әзір етулері тиіс. Бірақ, амал нешік?
Батыр Серік, жобалау компаниясының жетекшісі:
- Қазіргі уақытта біз Атырау қаласының жобасын жасап жатырмыз. Шотқа түскені 5 млн. Сол 5 млн-ға қол жеткізе алмай отырмыз.
Ал, мына жігіт жиһаз жасаумен айналысады. Тауары экспортқа шығып тұрған. Алайда, ойда жоқта «Астана» банкінен аузы күйіп отыр. Енді тапсырыс берушілері теріс айналып, кәсібі құрдымға кетуі мүмкін.
Тимур Исмаилов, компания жетекшісі:
- Жалақысыз, ақшасыз қалатын тек мен емес. Барлық жұмысшыларыма қиын. Клиенттерімнен сенім кетеді. Беделімізден айырылып жатырмыз. Міне, қараңыз біздей компаниялар қаншама?!
Жеке кәсіпкерлердің ішінде банктен 200 мыңнан 200 млн. теңгеге дейін ала алмай жүргендер бар. «Астана» банкінің басшысы мәселені клиенттерден тыс түсіндіруді жөн санады. Бұған дейін қаржы институтынан 30 млрд. теңге көлемінде қаражат берілген. Содан өтімді қаржысы азайыпты.
Жасұлан Тоғызбаев, «Астана Банкі» филиал директоры:
- Өтімділіктің азаюына байланысты осындай шара қолданылып жатыр. Оның алдында жаңалықта да болған. Ең бірінші, жеке инвесторлармен, басқа банктермен жұмыс жасалып жатыр.
Дегенмен, директордың халық алдына шығып түсіндіруіне тура келді. Ол жеке кәсіпкерлерге айлық пен салық беріліп жатқандығын, ал, өзге төлемдер тізілімге сәйкес шешілетінін жеткізді. Енді жеке тұлғаларға қатысты жалақы 100 мың теңгеден және банк ішіндегі ақша аударымдары 50 мың теңгеден аспайтынын айтты. Алайда, опық жеген тұтынушылар Ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымдануға оқталды. Ізін суытпай банк ғимаратында қол жинады.
Нысаналы ЫҒЫЛ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы