Алматы облысындағы Бірлік ауылының құрылғанына - 50 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Бірлік ауылының құрылғанына - 50 жыл

02.05.2018

Алматы облысы Балқаш ауданындағы Бірлік ауылының құрылғанына 50 жыл толды. Бұл адам өмірімен есептегенде жарты ғасырлық ғұмыр. «Елу жылда ел жаңа» демекші, осы жылдар ішінде алтын бесік ауылда тындырымды тірліктер атқарылды. Ел қазынасының бүйірін толтыруға сеп болды. Сондықтан, елді мекен тұрғындары атаулы күнді ежелгі салт бойынша, айнала ақшаңқан киіз үй тігіп, ат шаптырып дүрілдетіп тойлады.

Ақдала алқабының игерілуіне белді қайраткер еңбек сіңірді. Елді мекеннің осыдан 50 жыл бұрынғы кезі мен қазіргі жағдайын салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Мұны ауылдағы өндіріс орындарының көбеюі мен жұмыссыз тұрғындардың жоқтығынан аңғаруға болады. Өйткені, ауылдың әр тұрғыны «Туған жеріне туыңды тік» деген қағиданы естен шығарған емес.  

Әбдіжаппар Қыстаубаев, «Бірлік» агрофирмасының басшысы:

- Қазіргі таңда 500-ге тарта адам еңбек етеді. 6 мың гектар суармалы, 29 мың гектар жайылым жеріміз бар, 200 мыңға тарта ірі қара, 1000-ға тарта жылқы, 5-6 мың қой ешкіміз бар.

Ауылдың негізгі шаруашылығы күріш болғандықтан, диқандар жылына 2000 мың гектар алқапқа күріш егеді. Сондай-ақ, 2000 гектарға арпа және бидай себеді. Бұдан бөлек, мал азығы үшін жоңышқа мен жүгері де ауылдың ырысын еселей түсті. «Бірлік» агрофирмасы, «Ажа» және 28 шаруа қожалығы төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, аумақ тұрғындарына жұмыс беріп отыр.  

Болат Айтымбетов, ұйымдастыру алқасының төрағасы:

- Аталарымыз, апаларымыз қазығын қағып, көтеріп кеткен туды қазіргі жастар да жұмыстарымен, өздерінің өнегелі істерімен ары қарай жалғастырып жатыр. Ұрпақ сабақтастығы деген сол шығар.

Ата дәстүрін ардақтаған ауылдықтыр мерейлі мерекеге 14 киіз үй тігіп, тілеулес ағайынға құдайы қонақ ретінде құрмет көрсетті. Ұлттық ойын түрлері жаңғырып, қазақша күрес пен аламан бәйге өтті. Бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақан теуіп, мәре-сәре болды. Ал, мерейтойға арнайы келген ақындар жырдан шашу шашты. Қазақ эстрадасының жұлдыздары ән шырқап тойдың көркін кіргізді.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу