Мереке қарсаңында Семейдегі балалар үйінің тәрбиеленушілері Бесқарағай ауданының Башкөл ауылына барды. Олар 2-ші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ерлердің ескерткішіне барып, батырлар рухына тағзым етті. Майданға ауылдан 300 адам аттанып, олардың 84-і елге оралмаған. Бүгінде олар жайлы барлық деректер мұражайға жинақталған. Бесқарағай өңірінде 28 ұлттың өкілдері тұрады. «Танымдық саяхат түрлі ұлттар арасындағы бірлік пен татулықты насихаттау үшін және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында қолға алынды», - дейді ұйымдастырушылар. Шара барысында көпшілік ауылдағы этносаябаққа ағаш көшеттерін отырғызды.
Раушангүл Байжұманова, ШҚО №2 Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы:
- Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне осы ауылда, ауданда тұрып жатқан әртүрлі ұлттардың бірлігін, ынтымақтастығын көрсеткіміз келді. Балалар өте жақсы әсермен қайтты.
Бақтиза Мұратқанова, шараға қатысушы:
- Бүгін біз табиғатты жандандыруға және осы парктің көркеюіне үлесімізді қосудамыз. Балалар тал егіп жатыр.
Р. МАДВАСОВА
