Ассамблеяның биылғы сессиясына қатысқан делегаттардың саны көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ассамблеяның биылғы сессиясына қатысқан делегаттардың саны көп

28.04.2018

Жасы да, жасамысы да жиналып, өткенге көз жүгіртіп, келешекке жоспарларымен бөлісті. Қазақстан қоғамының даму кезеңдеріне қатысты ойын ортаға салды. «Жаһанды жайлаған індеттерге бірге қарсы тұрып, ел дамуына сүбелі үлес қосуымыз керек»,- деді.

Индира Бегайдар, тілші:

- Элина Паулидің әкесі орыс, шешесі татар, күйеуі неміс, ал, өзін ол қазақпын деп есептейді. Достарының бәрі қазақ. Ұлттық өнерді дәріптеп, еліміздің атын әлемге танытқысы келеді

Элина Паули, делегат:

Қазақша жаңалықтар қараймыз. Менің әкем орыс болса да, оның ең сүйікті бағдарламасы айтыс көру. Шешем қазақ мектебінде жұмыс істейді. Қазақ тілі менің екінші туған тілім деп айтуға болады. Өзіме сенімділікті қазақ тілі береді.

Ал, Атсалим Идиговтың ұлты шешен. «Вайнах» Алматы облыстық шешен-ингуш қоғамдық-мәдени бірлестігінің құрметті төрағасы. Кезінде жер аударылғандардың ұрпағы ретінде қазақ халқына даналығы, көрсеткен мейірімі, жанашырлығы үшін алғыс айтатынын жеткізді.

Атсалим Идигов, делегат:

- Бақ-дәулет қайда барасың деп сұраған кезде ынтымағы жарасқан елге барамын деген екен. Бәріміз шын жүректен Елбасымызға, қазақ халқына алғыс айтамыз.

Максут  Тагиров Қазақ-Британ техникалық университетінің түлегі, бірнеше тілде көсіле сөйлейді. Қазір Максут кәсібін ашыпты. Мемлекет қолдауына алғысы шексіз.

Жуырда елімізде «Жаңғыру жолы» атты республикалық жастар қозғалысы жұмысын бастаған еді. Оған Максим Споткай жетекшілік етеді. Ассамблеяның тарихында алғаш рет құрылған ұйымға барлық этномәдени  орталықтардың жанындағы жастар ұйымдарының басы қосылып, біріктірілді. Қазір республикалық деңгейде ғана емес, аймақтарда да штабтар құрылыпты. Маским алдағы мақсатымыз айқын, жоспарымыз ауқымды деп отыр.

Келген делегаттардың көздерінен от, жылылықты байқадық. Олардың ұлты әртүрлі болғанымен, Отаны бір, мақсат-мүддесі ортақ. Олар татулық пен бейбітшілікті басты орынға қойып, бақытты бағалай білген Қазақстанның тұрғындары.

Қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекет. Қиын-қыстау уақытта арып-ашып жеткен өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, өзінің бір туған бауырындай қабылдап, жатсынбай, жақын тартты, бауырмалдылығын көрсетті. Елімізде тұратын барлық этнос өкілдері тек бейбітшілікті қалайды.

Индира БЕГАЙДАР

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу