«Нұр Отан» партиясының тың жобалары талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының тың жобалары талқыланды

27.04.2018

Жуырда «Нұр Отан» партиясының 20-дан астам тың жобасы жарияланған болатын. Олардың халыққа пайдасы зор болмақ. Мысалы, оқушылар үшін тегін 1000 IT-сынып ашу, 20 IT-орталық, кітапханаларды заманауи білім орталығына айналдыру, жер телімдері үшін бірыңғай онлайн-қызмет. Осы жобалар бүгін «Нұр Отан» партиясында талқыланды. Келелі кеңеске партияның аймақтағы филиалдарының басшылары, «Атамекен» палатасының, облыс әкімдіктерінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Осы мекемелермен біріге отырып, партия «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру», шағын және орта бизнесті қолдау секілді маңызды жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары партияның жаңа бастамалары жөнінде жағымды жаңалықтарымен бөлісті. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы әр жаңа жобаны өзі бекіткен. «Нұр Отан» партиясының жаңа бастамалары Елбасының партия қызметін жаңғырту жөнінде берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылмақ.

Ербол Садыр, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

– «Нұр Отан» партиясының бастап отырған бастамалық жобалары бүгінгі күні өте өзекті деп есептеймін. Қазіргі кезде осы 10 стратегиялық бағыт бойынша жобаларды жүзеге асыруға облыста тиісті жұмыстар атқарылуда. Біз қазір бірінші кезекте облыстық «Отырар» кітапханасын электронды форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз.

Нұри Тумышев, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Маңғыстау өңірін айта кететін болсақ, біз биылғы қыркүйек айының ішінде экономикалық лицейді ІТ-мектеп қылып ашуды жоспарлап отырмыз. Одан басқа, Ақтау қаласындағы 25 мектепте ІТ-сыныптар ашу ойда бар.

 

Индира БЕГАЙДАР

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу