Алматыда элиталық автокөліктер сататын орталыққа қатысты дау шықты. «Тойота Сити» көлік салонынан автомобиль аламыз деп алданған 13 адам құзырлы органға арызданды. Тұтынушыларға танымал компанияның Алматыдағы өкілдігінің менеджерлері алаяқтық жасаған деген күдік бар. Ал, Ішкі істер департаментінің өкілдері алданғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін деген деректі жоққа шығармады. Клиенттерден қыруар қаржы алып, жалған келісімшарт жасау жағдайы белгілі көлік орталығы ғимаратында болған.
«Алматы – Құлжа» тас жолының бойында орналасқан жапондық «Тойота» орталығының қызметкерлеріне тұтынушылар тарапынан шағым көп. Сондай клиенттердің бірі алматылық кәсіпкер Ақылбек Мұқаметшеұлы. Ол 5 сәуірде осы салоннан көлік таңдау үшін барған. Алайда, бизнесмен қалаған автокөлік қоймаға әлі түсіп үлгермеген. Ал, менеджер оған 22 миллион теңгені төлетіп, 9 күннен кейін келуін өтінген. Кассалық аппараттың сынып қалғанын айтып, төлем түбіртегін бермеген. Бірақ, 14 сәуірде қайта келген тұтынушы автосалон қызметкерін таппаған. Ең қызығы, екіжақты жасалған келісімшарт мүлдем жарамсыз болып шыққан. Құжатта көрсетілген көлік нөмірі де жалған.
Ақылбек Мұқаметшеұлы, кәсіпкер:
- «Мен қазір келісімшартты дайындайын» деді. «Сіз қазір ақшаны төлеңіз», деді. «Кассаға барып төлемейміз бе», деп едім, «уайымдамаңыз, мен сізбен көлікті алғанға дейін боламын», деді.
Төлем де, келісімшарт та автосалон ғимаратында жасалған. Десек те, орталық әкімшілігі жауапкершіліктен ат-тонын ала қашқан. Тіпті, олар өзіміз де сол менеджерден зардап шектік, деп полицияға арыз жазған.
Дастан Жақынов, «Тойота Сити» авто орталығының заңгері:
- Біздің компанияға қатысты алаяқтықтың болғанын растаймыз. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Тергеу құпиялылығына байланысты барлық ақпаратпен бөлісе алмаймын. Біз тұтынушылар алдындағы міндеттерімізді тәртіпке сай жүргізіп жатырмыз.
Ақылбектің сөзінше, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген тұтынушылар осындай менеджерлерге алданып қалған. Олардың көбісі құзырлы органдарға арыз жазғанымен, нәтиже жоқ. Қыруар қаражатынан қағылған азамат келісімшартта орталық директорының қолы мен мөрі басылғандығын айтады. Соның негізінде ол сотқа жүгінген. Ал, құзырлы органдардан әділдік іздеген кәсіпкер «алаяқ менеджерді ғимараттағы бейнекамера жазбалары арқылы табуға болады», деп отыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:
- Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алаяқтық және бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін қолды қылу деректері бойынша. Қазір күдікті адамдар айқындалып, оларды тергеп-тексеру жұмыстары жүзеге асырылды.
Осы іске қатысты күдікті делінген адамдардың ешқайсысы әлі қамауға алынбаған. Алайда, істің мән-жайы анықталып жатыр. Сондықтан, Ішкі істер департаментінің өкілдері осындай алаяқтыққа тап болған жандар болса, дер кезінде хабарласу керектігін айтты.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.