Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы әкімінің орынбасары көлігімен қағып өлтірген азаматтың жақындарына қысым көрсетілді. Шағымданушы тарап прокуратураға осылай деп арызданған. Естеріңізге сала кетейік, осыдан он шақты күн бұрын мас күйінде көлік айдаған әкім орынбасары Бақытбек Құрманбаев 19 жастағы бозбаланың өліміне себепші болған еді. Қазір лауазым иесі уақытша тергеу абақтысында. Жол апаты кезінде көлік ішінде Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев та отырған екен. Оқиғадан төрт күннен кейін Риддер қаласының Ішкі істер бөліміне қайтыс болған жігіттің әкесі шағымданды. Оның айтуынша, апатқа кінәлі көлік иесіне дер кезінде заңды шара қолданбаған. Ол аздай Риддер қаласының криминалды полиция бөлімінің басшысы қайғыдан қабырғасы қайысқан отбасының жақындарына қысым көрсеткен.
Мақсұт Тоқсанбаев, ШҚО Прокурорының көмекшісі:
- Осы қайғылы оқиғаның себепкері Құрманбаевқа автокөлігін ұстау үшін уақытылы іс-шаралар қабылданбады деп, Риддер қаласының тұрғыны ІІБ қызметкерлерін жауапқа тарту туралы сұрады. Сол күні прокуратураға Риддер қаласының ІІД Ішкі істер бөлімінің криминалды полиция бөлімі бастығының өзіне қысым көрсеткені туралы марқұмның досы арызданған болатын. Осы фактілер бойынша қазіргі уақытта облыстық ІІД Ішкі істер қауіпсіздік басқармасының Қылмыстық Кодекстің 310 және 362-бабының екінші бөлімі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізілуде. Істің тергелуі облыс прокурорының тікелей бақылауында.
Айдана ДАЙЫРОВА