Елордада 7 балалы отбасының шаңырағы су астында қалды
7 балалы отбасының шаңырағы су астында қалды. Елордада тұратын Валиевтер жанұясы түн ішінде шырт ұйқыдан оянған. Айтуларынша, жертөледен шыққан қар суы үйге жайылып кеткен. Сору жұмыстарын өздері жүргізгенімен, шамалары келмепті. Ал, әкімдіктегілер болса, көлік жоқ деген сылтау айтқан. 14 жылдан бері пәтер жалдап тұратын көпбалалы жанұяның мәселесі мұнымен бітпейді. Отанасы 3 жылдан бері «Алтын алқа» белгісін ала алмай жүр.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
- Қабырғасы онсызда құлағалы тұрған баспананың еденін кешеден бері су алды. Үйде аяқ алып жүру мүмкін емес. Отағасы тақтайлар төсеп қойған екен. Ал, жертөледен шыққан су үйге жайылып қана қоймай, сасық иісі қолқаны қабады.
Валиевтар отбасының елордада тұрғандарына 15 жыл. Содан бері қанша пәтер ауыстырғандары естерінде жоқ. Қымбат үйді жалдауға қалта көтермейді. Арзан баспананың сиқы мынау. 2009 жылы үй кезегіне тұрған. Бірақ, жылжитын түрі жоқ. Оның үстіне 3 жылдан бері «Алтын алқа» белгісін де ала алмай жүр.
Айгүл Момықова, қала тұрғыны:
- Балам судың үстінде ұйықтапты. Суды соруға шамамыз келмей жатыр. Дала жаңбыр. Қайда барарымызды білмейміз.
Үйдің ішін су жайлаған соң балалар бір бөлмеге тығылып, плитаға жылынуға мәжбүр. Отағасы темір ұстасы. Жұмысы тұрақсыз. Ал, Айгүл болса, балаларын баға жүріп, арасында әркімнің үйін тазалайды. Айлығы шайлығынан аспаған соң баспаналы болу жайы айтпаса да түсінікті.
Құсайын Валиев, қала тұрғыны:
- Үй, жер алуға жағдай жоқ. Ақшаның бәрі киімге, пәтерақыға кетеді.
Балғындардың кішісі екіде, 4-еуі мектепте оқиды. Бәрі де үздіктер қатарында. Ал, үлкен екеуі отбасылық жағдайға байланысты жоғары білім де алмаған. Шарасыздан құрылыста жұмыс істеп жүр.
Тағы бір түйткіл. Көпбалалы отбасы әркімнің үйін жалдағандықтан, тұрақты мекенжайға тіркелмеген. Сондықтан да «Алтын алқа» белгісін ала алмай келеді. Ал біреудің үйіне тіркелу үшін 9 адамға кемінде 150 000 теңге төлеу керек. Мемлекеттің әлеуметтік көмегі былай тұрсын, әкімдіктегілер таңнан бері су соруға көмекке келмеген.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
- Мінекей, қолымызда 7 баланың құжаты. Бұл отбасы неге әлі күнге дейін «Алтын алқаны» ала алмай келе жатыр, үй кезегі неге жылжымайды? Әкімдіктегі мамандардың өзінен сұрап білеміз.
Әкімдікке кірдік. Үрке қарсы алған күзетшіге мән-жайды жеткіздік. Арада 10 минут өткенде жауаптымыз деген бірнеше маман келді. Алдымен су алып жатқан үйдің жайын жеткіздік.
Тимур Шоданов, Сарыарқа ауданы әкімдігі Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
- Бүгін жеке өзім барып қарап шығамын. Су сору жұмыстарын түнге дейін бітіреміз.
Камерадан сескенсе керек. Мамандар қалған мәселелерді де қалтқысыз тыңдады. Айтуларынша, үй кезегі әкімдіктің құзырына жатпайды. Ал «Алтын алқа» құжаттары алдағы бір аптада қарастырылатын болды. Мәселенің толық реттелуі біздің арнанының назарында болады.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
