Оның ішінде елімізде ІТ сыныптарын ашу, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін онлайн-сервистің жұмысын жандандыру бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар басым бағыттар жүзеге асырылмақ. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «бұл жұмыстарды бизнес қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдармен бірге атқарамыз», деп отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Партия болашақта да елмен етене болып, халқына қалтықсыз қызмет етеді деп сенеміз. Алдымызда көп шаруалар бар. Қазіргі ғылыми-техникалық дамудың жаңа саласына бүкіл әлем түсіп отырған кезде біздің де алға қойып отырған мақсаттарымыз аз емес.
Президент партия жұмысын жаңғырту қажет деді. Елбасы тапсырды, оны орындау міндет. Жалпыдан жалқыға, сөзден іске көшетін сәт келді. Еліміздегі басты саяси күш мақсат-міндеттерді айқындады, қарапайым халыққа шапағаты мен шарапаты тиетін 20-дан астам игі жобаны қолға алды.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Бағдарламалардың барлығы елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосуға арналған. «Нұр Отан» партиясы Қазақстандағы жетекші саяси ұйым ретінде осы жұмыстардан тыс қалмай, еліміздің стратегиялық мақсаттарына жұмыс істейтін іс-шаралардың басы қасында болуы керек. Осы себеппен бүгін жарияланып отырған партияның жобалары дайындалды.
Шағын және орта бизнесті қолдау. Қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін коммерциялық мақсатта қалаларда және елді мекендерде жер телімдерін сатып алу және жалға беру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. «Бұл салада бармақ басты, көз қысты тамыр-таныстық пен жемқорлық жеңіп кететіні жасырын емес», - дейді кәсіп ашқысы келетін нұрсұлтан Исаханұлы.
Енді Нұрсұлтан сияқтылардың мәселесі шешіледі. Қалай дейсіз ғой?! Онлайн-сервис ашылады. Яғни, қалалар мен елді мекендердегі коммерциялық мақсатта сатылатын және жалға берілетін, бос тұрған жер учаскілері туралы ақпарат беріледі. «Яғни, мұнда алдағы екі жылда қалалар мен елді мекендерде пайдалануға берілетін жер туралы ақпарат болады», - деді Мәулен Әшімбаев. Партия төрағасының бірінші орынбасары өңірлерге барған кезде Елбасының бес әлеуметтік бастамасы туралы баяндап, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған еді. Кәсіпкерлермен де кездесті. Заманына қарай адамы. Ауыл жастарының ағылшын тілін үйренуіне де жағдай жасалады.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Ауылды жерлерде ағылшын тілін үйрететін клубтарды ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл клубтарға ерікті ретінде ағылшын тілінде сөйлейтін 500-ден астам жас адамдарды тартып, кезең-кезеңімен ауыл жастарын ағылшын тілін үйретуге өздерінің септігін тигізе ме деген жоспарымыз бар. Еріктілер ақысыз жұмыс істейтін азаматтар болады. Оларды қалай шетелден алып келеміз, бұл сұрақтарды біз пысықтап жатырмыз.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына «Нұр Отан» үлес қосады. Балаларға арналған тегін 1000 ІТ сынып ашылады. Онда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала робот техникасының негіздері жайында еуропалық стандарттар негізінде білім алады. 2018-2020 жылдардың аралығында барлығы 450 мың бала қамтылады деген жоспар бар. Цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған тағы бір жоба – ІТ мамандар даярлауға бағытталады.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Дайын мамансыз бұл бағдарламаны жүзеге асыру мүмкін емес. Біз көрсетілетін қызметтің 80 пайызын автоматты түрге көшіргіміз келеді. Бұл орайда осы жобалар өзекті. Біз «Нұр Отан» партиясының бастамаларын қолдауға әзірміз.
Жобаға сәйкес, ірі ІТ компаниялар мен оқу орындарының базасында 20 ІТ орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алады.
Бұл әлемдік тәжірибеде де кеңінен қолданылады. Қазірдің өзінде интернетте жүздеген фриланс биржаларда 10 млн-нан астам ІТ тапсырыс жарияланыпты. Мұндағы қаржы көзі де қомақты. Бұл шамамен 3,5 триллион доллар. Яғни, әлемнің түкпір-түкпірінен 57 млн. адам осы арқылы табыс тауып отыр.
Қазақстандағы кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, онлайн кітапхана жүйесі іске қосылмақ. Онда жастарға арналған қызықты лекциялар ұйымдастырылып, пікірталас алаңдары жұмыс істейді. Қазіргі таңда қоғамда қызу талқыға түскен тақырыптардың бірі - мектеп асханалары. Бәріне топырақ шашпаймыз, бірақ, көбіне баға мен сапа, санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Біз де бірнеше мектеп асханасына бас сұқтық, жағдайды көзімізбен көрдік.
Ұрпақ денсаулығы - ұлт саулығы. Енді мектеп асханалары бірыңғай стандарт бойынша арнайы қондырғылармен жабдықталып, ас мәзірі мемлекеттік стандарт негізінде дайындалады. Бұдан бөлек, бастауыш сыныптарда денсаулық пәні оқытылады. Партиялық жобалар Үкімет және бизнес қауымдастықпен біріге жүзеге асырылады.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:
- Нақты бастамалар елге, кәсікерлерге керек. Біз атсалысып, жүзеге асыратынымызға кәміл сенеміз. Өйткені, партияның бұған барлық мүмкіндігі бар.
Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні белгілі. «Нұр Отан» партиясы осылайша мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдыра отырып, табысты жобаларды бастады. Басы сәтті басталған игі қадамның нәтижесі нақты боларына жұрт сенімді.
Индира БЕГАЙДАР