Басты Жаңалықтар Автобөлшектер нарығында контрабанда көп

Автобөлшектер нарығында контрабанда көп

Көлік бөлшектерінің көп бөлігі елімізге контрабандалық жолмен кіргізіледі. Салдарынан мемлекет жылда тектен текке 40 млрд. теңгеден қағылып отыр. Кеден талаптарын қатаң сақтап, саудамен адал айналысатындар солай деп налиды. Себебі, олар салығын төлеп сабылып жүргенде, сапасы күмәнді тауар сатып, оңай олжаға кенеліп жүргендер бар. Ондай бөлшектердің басым бөлігі Қытай мен Араб Әмірліктерінен жеткізіледі.

Бекзат «ескі көлігім есімді шығарды», - дейді. Бірақ, жаңасын алуға әзірге жағдайы көтермейді. Сол себепті, бұзылған жерін жөндеп айдай тұрудан басқа амалы жоқ. Дегенмен, қосалқы бөлшектерін қанша ауыстырса да, темір тұлпары жиі тоқтап қалады.

Бекзат Алтынбеков, қала тұрғыны:

- Кейде 2-3 айда, кейде аптада тоқтап қалады. Бөлшектердің көбісі қазір Қытайдан келіп жатыр. Ауыстырып тұрасың, біреуі сапалы, біреуі сапасыз.

Біздің жолдарда 4,5 млн-дай көлік жүйткіп жүр. Техниканың кем-кетігін түгендеуге жүргізушілер жылда 150-250 доллар шамасында жұмсайды. Ішкі нарықтағы сұраныс 300 млрд. теңгеден асады. «Ал, егер жоспардан тыс жөндеу мен жол-көлік оқиғаларын қоссақ, шығын 700 млрд. теңгеге жетеді», - дейді ірі дистрибьютор Марат Шотбаев. Ол мәліметті әлемдік есептеу әдісіне сүйеніп келтірді. Өйткені, елде нақты статистика жоқ. 

Марат Шотбаев, дистрибьюторлық компанияның бас директоры:

- Біз білеміз, 90%-дан астам тауар Қытайдан заңсыз өтеді. Сәйкесінше, ел бюджеті үлкен шығынға батып отыр. Неге? Себебі, 200 млрд. теңге көлемінде импортталған тауардан 30-40 млрд. теңгедей баж салығы төленбейді. Корпоративтік табыс салығын қоспай-ақ қояйын. Ал, біз бәрін де өтеп келеміз. Филиалдар ашып, жұмыс орындарын көбейтіп жатырмыз. Егер көлеңкелі бизнес бөгелсе, адал кәсіпкерлер қазынаны толтырар еді.

Марат Шотбаев ішкі нарықтағы көлік бөлшектерінің 50 пайыздан астамы контрабанда екеніне сенімді. Тіпті кедендік бекеттен қалай өткізілетінін де біледі. «Көлемін кемітіп, тіпті тауардың негізгі атауын ауыстырып та жібереді», - дейді.

Қайрат Таңқыбаев, Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары:

- Ондай деректер болса тоқтатамыз. Бәрі тексеруден өтеді. Жасырын түрде әкелуі мүмкін. Тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы ғана кедендік тексеріс жүргізген кезде ғана анықталып жатса, ондай фактілер бойынша тиісті іс қозғалатын болады.

Ал, ресми деректер басқаша сөйлейді. Мысалы, былтыр автобөлшектерді заңсыз өткізу бойынша 3-ақ қылмыстық іс қозғалған. Келтірілген залал бар болғаны – 40 млн. теңге. Миллиардтаған табысы бар көлеңкелі бизнес дистрибьюторлардың алдын орап қана қоймайды. Бекзат сияқты көліксіз шаруасы бітпейтіндерді де шаршатып жолда қалдырады.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Бөлісу