Алматыда Орталық Азиядағы ең үлкен әуесқой спорттық мереке – «Алматы марафоны» өтті. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған шараға 38 елден 14 мыңнан астам желаяқ қатысты. Олардың арасында Норвегия, Испания, АҚШ-тан келгендер бар. Әуесқой спортшылар дәстүрге сай 4 қашықтыққа жүгірді. 10-14 жастағы балалар 3 шақырым, сондай-ақ, 10, 21, 42 шақырымдық қашықтықтар болды. Жарыс соңында барлығы естелік медальдармен марапатталды. Ал, ұзақ қашықтықта Михаил Красилов пен Дана Айдосова жеңімпаз атанып, 400 000 теңге көлемінде ақшалай жүлдеге ие болды.
Торстен Ойствик, марафонға қатысушы:
- Біз Алматы, оның ішінде Медеу мұз айдыны туралы көп естідік. Ал, осы қалада марафон өтетінін білгенде бірден келуге шешім қабылдадық. Өйткені, дүниежүзіндегі бүкіл марафондарға қатысуды жоспарлап қойғанбыз. Осы уақытқа дейін 119 марафонға қатыстым. Бірақ, Алматыдағы шара өте керемет өтті.
Амангелді СЕЙІТХАН