Атыраулық зейнеткер газеттен теңдессіз бұйымдар жасап, көпшілікті тәнті етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық зейнеткер газеттен теңдессіз бұйымдар жасап, көпшілікті тәнті етті

20.04.2018

Жандос Темірғалиев:

-Әдетте көпшілігі газетті оқып біткен соң, пайдасыз көріп, тастай салады. Ал, Сіз газеттен қолөнер бұйымдарын жасап, кәдуілгі қағазға екінші өмір сыйлаған адам жайлы естіп пе едіңіз?!

Халима Ахметқызының ерекше өнерді серік еткеніне 6 жыл. Күнделікті 8-9 сағатын сүйікті хоббиіне арнайтын кейіпкеріміз ойламаған жерден кәсіпкер атанды. 42 жыл мемлекеттік салада қызмет еткен ол үшін қызығушылықтан туған бұл ісі өнімді еңбектің жалғасы іспетті.

Халима Айбекова, зейнеткер:

- Мынаны себет дейді. Осыған 25-26 беттік 1 газеттің нөмірі кетеді. Менің тіптен ауыруға уақытым жоқ. Тек жасағым келіп тұрады. Басымды кішкене көтерсем, жасасам, осыны қолыма ұстасам, жазылып кетемін. 

Бүгінде ол жасайтын қағаз себеттерге сұраныс көп. Тіпті, той-томалақтарға қомақты көлемде тапсырыс алып, жұрттың алғысына бөленіп жүр. 

Халима Айбекова, зейнеткер:

- Қазір бізде құдалық, той көп. Сол тойға қыздың заттарын, дәм апарады. Осыған дәмдерін салып, таратады.

Зейнеткердің бұл ісіне қызығушылық білдіріп, үйренемін деушілер қатары күн санап көбеюде. Тіпті, замандастары да ынта білдіріп, қыр-сырын меңгеруге білек сыбана кірісіп кеткен. 

Баян Амандықова, зейнеткер:  

- Біз мектеп бітіргеніміздің 40 жылын тойлағанбыз. Сонда Халима «Мынадай себеттерді алып келіп, бәріне бір-бірден сыйға тартайық», - деді. Содан көріп қызықтым. Қызықтым да, Халимаға маған да үйретші дедім. Себебі, зейнеткерлікке шыққан соң бір іспен айналысу керек болды.

Бос уақытты тиімді пайдалуды жан рахаты деп білетін қолөнер шебері алдағы уақытта жеке дүкенін ашып, қайталанбас бұйымдармен тұтынушыларды қуантпақ.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу