Қызылордада қоғамдық көлікте электронды билет жүйесі қолданысқа енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада қоғамдық көлікте электронды билет жүйесі қолданысқа енгізілді

19.04.2018

Қызылордада электронды билет жүйесі қолданысқа енді. Яғни, енді жұртшылық қоғамдық көліктің жолақысын қолындағы телефоны арқылы төлей алады. Жаңа жоба «ОуВу» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Мамандардың айтуынша, электронды платформаның бұдан өзге де мүмкіндігі  көп.

Электронды билет тиімді. Қалтаңызда ұсақ тиын болмаса, телефоныңызда бірлік бар. «Плей маркет» арқылы ұялы телефоныңызға «ОуВу» қосымшасын жүктеп аласыз, сосын автобусқа орнатылған код арқылы бірлігіңіз есебінен жол жүру ақысы алынады. 

Алмас Әйменов, ЖШС директоры:

- Бұл - қызмет көрсету ауқымын кеңейтудың жолы. Тез әрі қолайлы. Төлемдер кондуктор арқылы бақыланып, тікелей автобус паркіндегі экрандар арқылы сол мезетте көрінеді. Еліміз бойынша  жаңа жүйені Қызылордадан бастап отырмыз. Себебі, Қызылорда - алғашқы астана.

Атауы неге «ОйБай»? Ой - кәдімгі адамның ойы, ақылы. Ал, «бай» - амалын тауып, қажетіне, қалауына қол жеткізу. Ақылды бағдарламаны саудада да қолдануға болады. Әзірге жаңа жүйе  қоғамдық көліктерде пайдаланылып жатыр.  

Алтынбек Сәтжанов, қалалық Коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің маманы:

- 112 автобусқа орнатудамыз. Көлеңкелі бизнестің алдын алу мақсатында, сосын түсімнің тікелей автобус паркіне түсуіне және де салықтың базалық кірісті арттыруы мақсатында жасап жатырмыз.

Жолаушылар да  жаңа жобаның қолайлылығына көз жеткізді. Ақпараттық-сандық технологияға негізделген бағдарлама қос тарапқа да тиімді.

Аслан Байұлов, қала тұрғыны:

- Кез келген жерде төлем картамен жұмыс істеп жатыр. Ақша қалтамызда жүрмейді, мобильді телефон арқылы, «ОйБай» арқылы төлеп жүретін болдық. Оқушыларға 40 теңге, үлкендерге 90 теңге.  

Биыл Қызылорда қаласына - 200 жыл. Ал, бұл жүйе  - атаулы мерекеге тарту. Оны жүзеге асыруға бюджеттен қаржы жұмсалмаған.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу