Жамбыл облысында жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты ауыздықтау мақсатында «Қоғамдық бақылау картасы» іске қосылды. Енді әрбір азамат кез келген күдік тудыратын істің куәсі болса, құзырлы органға тікелей байланысқа шыға алады. Сондай-ақ, call-орталыққа немесе «Қамқор» мобильді қосымшасы арқылы хабарласуына болады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаменті бірқатар заңсыздықтарды анықтап, лауазым иелерінің әрекеттерін әшкерледі. Мәселен, денсаулық саласында медициналық анықтамалар интернет арқылы сатылған. Сондай-ақ, 10 мыңға жуық фитосанитариялық сертификаттар заңсыз берілген.
Арман Бердалин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры:
- Егер ауылдық аймақта жол сапасыз салынса, су құбыры сапасыз тартылса, салынып жатқан ғимарат сын көтермейтін жағдайда болса, соны көрген кез келген қазақстандық бірден агенттікке хабарласа алады. Тағайындалған басшылар бүгін бар болғанмен, ертең кетеді. Бірақ, халық сол жерде қалады, сол суды ішеді, сол жолмен жүретін де тұрғылықты халық. Сондықтан, осыған халықтың өзін жұмылдырып, белсене араласуға шақырамыз.