Тау-кен саласына инвестиция артуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тау-кен саласына инвестиция артуы мүмкін

18.04.2018

Тау-кен металлургиясы саласына елдегі өндірістің 23 пайызы, экспорттың 21 пайызы тиесілі. Сондықтан, бұл салаға Қазақстан инвестиция тартуға мүдделі. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Майнекс-2018» тау-кен өндірісі форумында айтылды. Инвестиция тарту үшін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс әзірленген. Құжат биыл күшіне енеді. Онда инвесторлар үшін көптеген жеңілдіктер көзделген. Атап айтсақ, лицензия беру тәртібі мен оны ұйымдастыру тетіктері жан-жақты жетілдірілген. Дегенмен, форум барысында инвесторлар тарапынан аталған кодекс пен салық кодекстерін бір-біріне бейімдеу керек деген пікірлерлер де айтылды. Себебі, бұл бір-бірімен тығыз байланысты құқықтық құжаттар. Халықаралық форум ертең де жалғасады. Оның аясында саланың өзге де мәселелері талқыланады.

Тимур Тоқтабаев, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

- Қазіргі заңнама бойынша бізде салық пайдалы қазба өндірілгеннен кейін бірден төленеді. Яғни, сіз пайдалы қазбаны алғаннан кейін оны сата алмай қалсаңыз да, санкцияға іліксеңіз де, салық төлеуге мәжбүрсіз. Бұл - үлкен мәселе. Сондықтан, біз салықты тауар сатқаннан кейін ғана төлеуді заңмен бекіткіміз келеді. Қазір жұмыс тобы осы мәселемен айналысып жатыр.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу