Астана орталығында орналасқан «Эмират» тұрғын үй кешені айналасында даулы мәселе шешімін таппай тұр. Тұрғындар элиталық баспананың бағасына сапасы сай келмейді деп наразылығын білдіріп отыр. Салынғанына 8 жыл болған көп қабатты үйде құрылыс сапасын айтпағанда, қарапайым өрт сөндіру қауіпсіздігі де қарастырылмаған. Амалы таусылған үй иелерімен тілшіміз Фариза Мұсақызы кездесіп келді.
Бірнеше жылдан бері құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырған тұрғындар баспаналарын бизнес-класс қатарына жатқыза алмайды. Жеделсатысы жөнді жұмыс істемейді, үйдің сырты мен ішінде жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Ал, балалардың ойнайтын алаңы тіптен жоқ.
Елена Мұхамеджанова, тұрғын:
- Басында «бәрі дұрыс болады» деді. Үш лифті бар болатын. «Жарық өшіп қалса, бізде резервті жарық болады» деді. Қайдан білеміз?! Ақшасын төледік те кірдік.
Көпшіліктің мәселесі де осы. Қомақты қаржыны жауапсыз құрылыс компаниясына құяды да, нәтижесінде осындай жағдайға тап болады.
Қала орталығында орналасқан мына үйдің де мәселесі шаш етектен. 2011 жылы қолданысқа берілгенімен, тұрғындар әлі күнге дейін құжатқа қол жеткізе алмай отыр. Бұған қоса, жеделсаты жұмыс істемейді, ал, үйдің қабырғасын қаптаған материалдар желде ұшып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұр.
Бибігүл Нуркина, тұрғын:
- Бейбіт күнде осылай балаларымыздың басына керамогранит құлап кете ме деп үнемі алаңдап отырамыз. Тіпті, өзіміз жүруге де қорқамыз.
Қалада осы сынды тұрғын үй кешендерінің саны 50-ден астам. Қала әкімдігі «әзірге еш шара қолдана алмаймыз. Тек арнайы комиссия шешімімен ғана жауапсыз компанияларды жазалай аламыз», - дейді.
Азамат Әміржанов, қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Тұрғындардың шағым хаттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мәселені шешу үшін қызмет көрсету мекемесі мен тұрғындар бірлесе отырып, техникалық тексеріс ұйымдастыруы керек. Сол тексерістің нәтижесінен кейін ғана қандай да бір шара қолдана алмыз. Сондай-ақ, алдағы жарты жылда Астананың проблемалық үйлерін түгел тексеріп шықпақпыз.
Яғни, әзірге тұрғындар өз мәселелерін өздері шешуге мәжбүр. Сондай-ақ, тек жарнамаға сеніп, алаяқ компаниялардың арбауына түсіп қалудан сақ болған жөн.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ