Жамбыл облысында интенсивті алма бақтарының көлемі ұлғаюда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында интенсивті алма бақтарының көлемі ұлғаюда

17.04.2018

Жамбыл облысында интенсивті алма бақтарын ұлғайту қолға алынуда. Мұндай алқаптардың артықшылығы – көшетті еккеннен кейін 2 жылда өнім алуға болады. Өңірдегі кәсіпкерлер алма ағаштарын Польша, Сербия елдерінен әкеліп жатыр.

Бұл – «Асыл бақ» өндірістік кооперативінің алма плантациясы. 4 шаруашылық бірігіп, 50 гектар жерге жеміс өсірмек. Қазір Польшадан жеткізілген 125 мың дана көшет егілуде. Интенсивті бақтың технологиясы бөлек. Тамшылатып суарылады, төбесі арнайы тормен жабылады.

Айболат Сәрсенов, бас агроном:

- 1 гектардан 60 тонна алма аламыз. Ең бастысы, бұл көшеттер вируссыз. Бізде де көшет өсіретіндер бар, бірақ, олар сенімсіз.

Ал, мына көшеттер екі жыл бұрын отырғызылған. Бойы биік болмағанымен, беретін өнімі – мол. Дәл қазір бағбандар артық бұтақтарды кесуде. Енді бір аптада алма ағаштары гүл жарады.

Ақниет Тоқашева, агроном:

-  Кесу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір осы жұмысты тез аяқтау маңызды.

Өңірде мұндай өсімтал алма бақтарының көлемі қазір 425 гектар. Алынған өнім әзірге Әулиеата жұртын жеміспен жыл бойы қамтамасыз ете алмайды. Өйткені, өнімді сақтайтын қойма жоқ.

Шәкір Момынқұлов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Алдағы уақытта салынып жатқан алма бақтары қоймалармен қамтамасыз етілетін болса, облыс халқын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Бақшаның бабын тапқан бағбанға әзірге шетелдік технология тиімді болып тұр. Шығыны – аз, өнімі – көп. Алдағы 4 жылда осындай үдемелі алма алқабының көлемін 1600 гектарға жеткізу көзделуде.

 

Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу