13-ші сәуір күні Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 4-ші қабатынан құлап кеткен қазақстандық студент Томирис Байсафа қазір ауыр халде. 21 жастағы бойжеткен биыл осы оқу орнын халықаралық экономика мамандағы бойынша тәмамдауы тиіс болған. Енді міне, өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатыр. Тапа-тал түсте Ресейдегі беделді оқу орындарының бірінде болған бұл жағдай оқыс оқиға ма, жоқ әдейі жасалған қылмыс па оны енді тергеушілер зерттеуі тиіс.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Жерлесіміз Томирис Байсафа қазір Мәскеу қаласындағы Склифосовский атындағы ғылыми-зерттеу институтының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған шұғыл тұрде бірнеше операция жасаған. Қазір оның жанында Қазақстаннан ұшып келген анасы мен әкесі бар. Біз олармен телефон арқылы сөйлескенде «қазір қызының жағдайы ауыр екенін, сондықтан, камера алдында қандай да бір сұхбат бере алмайтындарын» айтты. Ал, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің мәліметі бойынша, осы оқыс оқиғаға қатысты Мәскеудегі Никулин ауданаралық тергеу бөлімі қылмыстық іс қозғаған. Алайда, әзірге тергеушілер де, дәрігерлер де бұл оқиғаға қатысты тергеу аяқталғанша, қандай да бір ақпарат бермейтіндерін айтты. Кейбір мәліметтер бойынша, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 4-ші курсында оқыған Томирис Байсафаны сабақ арасындағы үзіліс кезінде әлдекімдер терезеден әдейі итеріп жіберуі мүмкін. Алайда, бұл әлі расталмаған ақпарат. Жалпы, осы оқиғаны Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің, Консулдығының қызметкерлері жан-жақты жіті бақылап отыр. Оның ата-анасына қолдан келгенше көмек беріп жатыр.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ