Кәсіподақтар федерациясы Қазығұрт тауының баурайында Наурыз мерекесін тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіподақтар федерациясы Қазығұрт тауының баурайында Наурыз мерекесін тойлады

16.04.2018

Тіршілік атаулыға нәр жүгірткен Наурыз мерекесін тойлау жыл өткен сайын жалпыхалықтық сипат алуымен бірге, өзінің байырғы төл бейнесінде қайта жаңғырып келеді. Еліміз бойынша 2 миллионға тарта азаматты біріктіріп отырған Кәсіподақтар федерациясы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт тауының баурайында Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Мерекеде тағылымды істер жасалып, ежелгі салт-дәстүріміз жалғасын тапты. 

Оңтүстіктегі Кәсіподақтар федерациясы бүгінгі таңда 16 салада еңбек ететін  азаматтарды бір құрылымға біріктіріп отыр. Оған 217 мың адам мүше. Мұндай үлкен ұйымның негізгі күші қашанда бірлікте. Биылғы Наурыз мерекесі осы қарым-қатынасты бекемдеп, жұртты берекелі іске үндеді.

Бекет Тұрғараев, заңгер, қоғам қайраткері:

Наурыз мерекесін тойлап келе жатқанымызға 30 жыл толып отыр. Кешегі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да үлкен серпіліс берді. Бүгінгі шара соның игі әсері.

Өңірдегі Кәсіподақ федерациясы 2 мыңнан астам бастауыш ұйымды біріктіріп отыр. Олардың өзара ынтымағын арттыру, жұмысын жандандыру бүгінде басты міндеттердің бірі. Наурыз мерекесінде ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан кәсіподақ ұйымдарының жұмысы көпке үлгі етілді. Үздіктері марапатқа ие болды. 

Гүлжан Айберова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыстық филиалы кәсіподақ ұйымының төрайымы:

Қызметкерлердің мүддесі мен олардың құқықтарын қорғауда кез келген кәсіподақ ұйымының атқарып жатқан еңбегі зор деп ойлаймын. Сол ұйымдарды Наурыз мерекесімен құттықтап, оларға табыс, сәттілік тілеймін.

Бұл күні ұлтымыздың қайта жаңғырған салт-дәстүрі мен  кітап және қолөнер бұйымдарының көрмесін жұрт пейілі ауып қызықтады. Думанды мерекенің көркін спорттық ойындар да қыздыра түсті. Сақасын сайлап шыққан балалар асық ойнады. Боз кілемде бабы келіскен балуандар белдесті. Білекті, епті жігіттер қол күрестіріп, арқан тартты.

Наурыз жыл бойына ойға азық, атқарылар іске арқау. Мерекеге Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары мен көрші Өзбекстаннан Кәсіподақтар федерациясының өкілдері қатысты. Олар Ұлыстың ұлы күнінде болашаққа бағдар түзіп, жұмыстың жайын кеңесті. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу