Ақсулық металлургтер ферроқорытпа өндіруді 35 миллион тоннаға жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсулық металлургтер ферроқорытпа өндіруді 35 миллион тоннаға жеткізді

16.04.2018

Ақсулық металлургтер бүгін ферроқорытпа өндіруді 35 миллион тоннаға жеткізді. Ферроқорытпа зауытының іске қосылғанына биыл - 50 жыл.

Болат Аманбаев, тілші:

- Ферроқорытпаның отыз бесінші миллион тоннасы дәл осы жерде №2 цехта балқытылып жатыр. Бұл кездейсоқтық емес. Осыдан дәл 50 жыл бұрын кәсіпорынның алғашқы өнімі осы жерде, осы цехта өндірілген екен. Қазір отандық өнімді Жапония, Корея, Қытай және Еуропаның бірқатар елдері алады. Қазір бұл жерде температура 1800 градусқа дейін жетеді. Мұндай алапатта құрыш білекті, сом жүректі металлургтер ғана жұмыс істей алады. Сондықтан, аса жауапты шараға озат бригада шығарылды.

Эльдар Құтанов, бригада жетекшісі:

- Металл балқыту оңай жұмыс емес. Бүгін ардагер металлургтер келіп көрді, бізді сынады. Олар қолмен істеген жұмысты біз жаңа технологиямен істеп жатырмыз. Бұл металл елімізге пайда әкеледі. Біз соған қуаныштымыз.

Кәсіпорын жылына 1 млн. тонна ферроқорытпа шығарады. Ал, осыдан 50 жыл бұрын ферросилиций, яғни, жартылай өңделген шикізат дайындалатын. Владимир Шушуев зауыт құрылысына қатысып, кейін 36 жыл темір қорытатын цехта жұмыс істеді.

Владимир Шушуев, ардагер металлург:

- Біз барлық жұмысты қолмен атқардық. Өте ауыр болды. Механикаландыру ол кезде баяу жүргізілді. Бірақ, бүкіл Одаққа мүше республикалар осы кәсіпорынның дамуына мүдделі болатын. Қазір біздің еліміз осындай сапалы өнімімен шетелге танылып отыр. Бұл - Қазақстанның индустриясы дамыған мемлекет екендігінің дәлелі.

Зауыт өнімінің 90 пайызы экспортталады. Қазір кәсіпорын қалдықсыз өнім шығаруға арналған жаңа технология бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл 50 жылға жетеді деп межелеген кен қорын үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу