Бүгін Шымкент қаласында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті басқосуы өтті. Кеңесте сөз алғандар Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» жастардың кедергісіз білім алуына, кәсіппен айналысуына және олардың баспаналы болуына зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 26 пайызы - жастар. Мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсететін бағдарламалар өңірде сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 6 мыңнан астам жас жұмысқа орналасса, «Серпін» бойынша 7,5 мың жас мемлекеттік грантқа ие болған. Басқосудың қорытындысында Жастар саясаты жөніндегі кеңестің келесі жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды. Сондай-ақ, Кеңеске қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Жалпы, оңтүстікте бағдарлама жария етілген бір жылдың ішінде 4370 іс-шара ұйымдастырылған.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Бүгінгі отырысымызда жастар арасындағы дәстүрлі құндылықтардың құнсыздану себептерін айқындап, оларды шешудің жолдарын іздеуіміз қажет. Аталған мәселелерді ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында дәстүрлі құндылықтарға сүйене отырып қарастыруды ұсынамын.
Ниязбек Дәулет, студент:
- Жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін жан-жақты болуы: оның білімі, физикалық мықты болуы, моральдық-психологиялық мықты болуы, осының барлығы бәсекеге қабілетілігін арттыратын негізгі күш екені туралы ой түйдік.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ