Қызылордалық кәсіпкер туған ауылына 13 мың алма көшетін екті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық кәсіпкер туған ауылына 13 мың алма көшетін екті

13.04.2018

Ол үшін өз қалтасынан 20 миллион теңге жұмсаған. «Мәселе ақшаның құнында емес, ең бастысы нәтиженің жемісін ел көрсе, сол маңызды», - дейді жас кәсіпкер. Туған жерді түлетуді мақсат еткен Еркін Бекжанов - Жалағаш ауданындағы Темірбек Жүргенов атындағы ауылда тұрады. 

Ауылдың жанынан 5 гектар жер дайындалды. Дәл осы жерге 13 мың түп көшет егілді. Әзірге алманың 6 түрі өсірілмек. 1 гектарға жаздық алма, 4 гектерға күздік алма егіліп жатыр.

Талдың биіктігі бар болғаны жарты метр. Бұл- алманың «Голден» деген сорты. Осы кіп-кішкентай ағашты мәпелеп, баптаса мол өнім береді.

Еркін Бекжанов, «Құрманбай Ата» шаруашылығының төрағасы:

- Бұл сорт екі жылда өнім береді. Бір ағаш 15-20 келіден өнім береді. Гектарға 150-130 тоннадай өнім алсақ па деп отырмыз.

Қазір ауылдағы жұмыссыз азаматтардың барлығы осы жерде. Ауызбіршілікпен тірлік істеп, туған жерді түлетуге атсалысуда. Бүгін барлық көшет егіліп болса, одан әрі ағаштар тамшылатып суару әдісімен бапталады.

Әсет Әбуов, бағбан:

- Тамшылатып суарудың тиімділігі-суды үнемдейді. Алма өсіруге ешқандай баптың қажеті жоқ, күріш өсірумен айналысқанға қарағанда алма одан біраз оңайлау.

Бір кездері дәл осы елді мекенде үлкен бақ болды. Алманың неше түрі өсірілді, өзге өңірлерге  жөнелтілді. Яғни, бұл жергілікті жерде жеміс ағаштарын егіп, одан мол өнім алуға болатындығына    нақты дәлел. Әшен ақсақал сол баққа саналы ғұмырын арнаған жан. Қазір жасы 94-ке келсе де, қария тың, елдегі игілікті бастаманың басы-қасында жүр. Білікті маман ретінде ақыл-кеңесін беріп, жастарға жөн сілтеуде.

Әшен Үбәйдуллаев, тыл ардагері:

- Жеміс-жидектің ең тәуірі бұл - алма. Жеті жыл адамның өмірін арттырады. Бәрі көңілімнен шығып отыр. Келешегі зор екен біліп отырмын. Мыңдаған адам нәпақа тауып, нан жейді.

Жас кәсіпкердің бұл бастамасы бір жағынан туған жерге тағзым болса, екіншіден, ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытындағы жақсы жұмыс. Осыған дейін гектарлап Сыр салысын егіп, мол өнім алса, енді Темірбек Жүргеніов ауылы тәтті алмасымен тамсандырмақ.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу