ОҚО-дағы Теректі ауылының тұрғындары жол азабымен қоса жарыққа да жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-дағы Теректі ауылының тұрғындары жол азабымен қоса жарыққа да жарымай отыр

12.04.2018
ОҚО-дағы Теректі ауылының тұрғындары жол азабымен қоса жарыққа да жарымай отыр

Өркениеттен өгейлік көрген ауыл. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Теректі ауылының тұрғындары әлі күнге қыста белуардан батпақ кешіп, жазда шаң жұтып жүр. Өйткені, елді мекеннің көшелеріне асфальт тұрмақ тас та төселмеген. Жол азабын тартып келе жатқан теректідегілер жарыққа да жарыған емес. Жел тұрса болды, бағана басындағы электр сымдары үзіліп,  ауыл қараңғылық құшағында қалады.

Ауылдағы жолдың жайы айтылса, Түймегүл апаның аза бойы қаза болады.  Үйдегі отағасы  сырқат. Төсек тартып жатыр. Қан қысымы көтеріліп, жаны қысылғанда жедел жәрдем көлігін үйге келтіре алмай қыс бойы күйінді.

Жолдың нашарлығынан ауыл жұртының машақаты көп. Мектепке баратын баласы, жұмысқа баратын ересегі - тегіс резеңке етік киіп жүреді. Ал,  ауылдан ұзап шығатындар көлікке емес,  ат пен есекке аяқ артады.

Таудың етегіндегі Теректіде 200-ге тарта түтін бар. Күн бұзыла бастағаннан ауылда жалп етіп жарық сөнеді. Өйткені, әбден үзіле-үзіле жалғау болған сымдар шыдас бермейді.

Гүлзейнет Қадырова, ауыл тұрғыны:

- Жел тұрса да, жаңбыр жауса да өшеді, күн күркірейін деп келе жатқанда өшеді. Алдын ала өшіріп тастайды.

Ауылдағы жол мен жарықтың жайын биліктегілер де жақсы біледі. Әйтсе де жұртты құрғақ уәдемен тойдырумен келеді. Аудан әкімдігі биыл әзер дегенде көшені асфальттау құрылысының жобалау құжатын әзірледі. Онда да ауылдағы бір көшені ғана.

Бақыт Ысқақов, Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Теректі  ауыл округының  жобалық құжаты жасалынған. Аудандық бюджет комиссиясының төрағасына ұсынылды. Жалпы құны 66 миллион теңге. Қолдау тауып жатса биылғы жылы жоспарлап отырмыз.

Бұл көше құрылысы биыл басталады деген сөз емес. Бюджеттік комиссия құп көрмесе, кейінгі жылдарға сырғып кетуі әбден мүмкін. Ал, әкімдіктің жоспары бойынша Теректіде жарық мәселесі тек 2022 жылы ғана шешілмек.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу