Елімізде нəрестелердің айы-күні жетпей шала туу жағдайы көбейді
Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы 7654 сəби уақытынан бұрын туған. Оның ішінде 1438 шақалақтың салмағы бар-жоғы 500-999 грамм аралығында болған. Ал, мамандар мұның түрлі себебі бар, деп отыр. Мәселен, бұған жас аналардың гинекологиялық және жұқпалы ауруларға шалдығуы, гормоналдық өзгерістердің ықпалы бар. Сондай-ақ, еркектердің денсаулығы да əсер етуі мүмкін.
Мына нəресте Надежда Баймышеваның 3-ші перзенті. Бүгінде ол сәбиін осылай қолына ұстап, мəпелеп тұрғандығы үшін дәрігерлерге əркез алғысын айтады. Екі ай бұрын мезгілсіз толғақ қысып, ауруханаға түсіп, кейін жан сақтау бөлімінің есігін торығанда айы-күні жетпей дүние есігін ашқан баласының аман қалатынындығына еш сенбеген. Бірақ, дәрігерлер күндіз-түні тынбай, салмағы небәрі 997 грамм шақалақты жетілдіріп, әлі де көмек көрсетіп жатыр.
Надежда Баймышева, қала тұрғыны:
- Осында жатқанымызға екі айдан асты. Қандай қиындық көргенімізді айтудың өзі ауыр. Алғашында кішкентайым адам қатарына қосылып кетеді деп ойламадым. Бірақ, дәрігерлер барынша көмектесіп, ақырындап өсіп жатырмыз. Мысалы, туған кезде бойының өзі 34 см ғана еді, қазір 45 см-ден асты.
Надежда үшінші перзентін 32 жасында көтерген. Бұған дейін денсаулығында еш мін байқалмаған ол бұған дейін екі баласын ойдағыдай босанған. Осы жолы да жүктілік кезінде қиналмаған. Дәрігерге уақтылы қаралып, белгіленген уақытта ультра дыбыстық зерттеу сынды тексерулерден өтіп тұрған. Бірақ, соған қарамастан сәбиі 6 жарым айлығында дүниеге келді.
Марина Чагай, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының балалар реанимациясы бөлімінің меңгерушісі:
- Жыл сайын шала туылатын балалардың саны өсіп барады. Мысалы, тек біздің бөлімнің өзінде бір жылда 500-ден астам балаға көмек көрсетіледі. Оның басты себебі, әйелдер көп жағдайда жүктілікке дайындық жасамайды, өздерін күтпейді. Ал, оның кері әсері балаға тиеді.
Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу - ұлт үшін өзекті мәселе. Сондықтан, қазір елімізде бұған барынша қолайлы жағдай жасалған. Соның бір дәлелі ретінде мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмекті айтуға болады. Бұл көмекті тек мемлекеттік емханалар емес, жеке меншік клиникалар да көрсетіп жүр. Үкіметтің бастамасымен соңғы кезде мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке клиникалардың саны артып келеді. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа тегін қызмет көрсетуге ниетті 1600-ге жуық медицина ұйымының 600-і жеке меншік.
Амангелді СЕЙІТХАН
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы