«Кедергісіз келешек» жобасы одан әрі жанданбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Кедергісіз келешек» жобасы одан әрі жанданбақ

11.04.2018

«Кедергісіз келешек» жобасы одан әрі жанданып, нақты іске басымдық беріледі. «Нұротандықтар» партиялық жобаның тиімділігін барынша арттырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.  Бұл туралы бүгін Астанадағы әлеуметтік нысандарға арнайы барған Мәулен Әшімбаев айтты.

Елордадағы «Нұрлы жүрек» мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы еліміз бойынша алдыңғы қатарлы мекемелердің бірі. Қайрат Даутов 8 жылдан бері сал болып қалған ұлын осында ем-домға әкеп жүр. Ал, биыл орталық басшылығы оны жұмысқа қабылдаған. Бейнелеу пәнінің мұғалімі енді балақайларға саз балшықтан түрлі бұйымдар жасауды үйретіп жүр.

Қайрат Дәуітов, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі:

- Саздан бір бұйымның шыққаны бұларға қызық. Жалғыз менің емес, балалардың көп ынтасы бар. Пайдасы көп деп ойлаймын.

Қазіргі таңда бұл орталықта 260 бала ем қабылдауда. Оларға ең озық тәжірибе бойынша қызмет көрсетіліп жатыр. Мекеменің жұмысымен танысып, ата-аналармен тілдескен партия төрағасының орынбасары алдағы уақытта «Кедергісіз келешек» жобасының тетіктері жетіле түсетінін айтты.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Күнделікті өмірлерінде қандай кедергілер бар деген мәселені сараптап, 3 нақты мәселені өзіміздің жұмыс істеуіміз үшін анықтап отырмыз. Біріншіден, инклюзивті білім беру жүйесін құру. Енді көп балалардың оқуына немесе ауылдың, қаланың мектептерінде басқа балалармен бірге оқуына мүмкіндік болмай жатады. Сондықтан, инклюзивті білім беруді қолға алуды көздеп отырмыз. Екіншіден, жұмысқа орналастыру мәселесі бар.

Партиялық жобаның шапағатын жыл сайын көптеген азаматтар көріп жүр. Былтырдың өзінде 203 мың мүмкіндігі шектеулі жанға жан-жақты көмек көрсетілген. Олардың жартысына жуығы ерекше қажеттілігі бар санатына жатады. «Нұр Отан» 2017 жылы бұл бағытта 6 мыңға жуық түрлі іс-шара ұйымдастырған. Нәтижесінде 9,5 мың мүгедек жан жұмысқа орналасты.

Енді бұл жұмыстарды одан да нәтижелі ету межесі тұр. Ол үшін партия жанынан арнайы кеңес құрылып, қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізеді. Азаматтық сектор белсенділігінің бұл саладағы нақты бір жемісі «Қасиетті жол» оңалту орталығы. 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында мұнда екі мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала ем қабылдаған.

Арайлым Еркінова, «Қасиетті жол» қорының құрылтайшысы:

- Бізге сал ауруына шалдыққан балаларды шетелде емдеуге жіберуге көп өтініштер түсті. Бәріне мүмкіндік табу қиын болды. Сондықтан, әр жерден ең жақсы методикаларды алып, жабдық алып, осындай орталық ашуға келдік.

Қазіргі таңда бұл орталыққа кезекке тұрғандар өте көп. Тіпті екі жылға алдын ала жазылып қойған. Сондықтан да, биыл Астана мен Шымкент қалаларында дәл осындай екі мекеме ашылды. Нәтижесінде арнайы медициналық қызметке қол жеткізгендердің қатары 3 есеге артып отыр. Ал, «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында еліміздің өзге де өңірлерінде қоғамдық ұйымдармен бірлесе оңалту орталықтарының санын көбейтуге ниетті.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу