Астанада инвесторлардың ақшасына алғашқы жылы аялдама  орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада инвесторлардың ақшасына алғашқы жылы аялдама  орнатылды

10.04.2018

Астанада бюджет қаржысына емес, инвесторлардың ақшасына алғашқы жылы аялдама  орнатылды. Ол бойынша әкімдік аялдама тұрған жерді он жылға жалға береді. Ал инвестор жылы, жайлы аялдама салып, оның бір бөлігін бизнеске айналдырады. Қаланың көркін кіргізетін мұндай аялдамаларды көбейтуге әкімдік те мүдделі. Себебі, жуырда ғана Президент Астананың 20 жылдығына қарсы қаланы ыңғайлы, таза, көрікті ете түсуді  тапсырды. 

Астанада қазір  2000-ға жуық автобус аялдамасы бар. Ерлан Жәнібеков  соның 60-тан астамын осылай жабдықтауға дайынмын дейді. Әзірге әкімдікпен бірлесіп алғашқы аялдаманы орнатты. Бір-екі күнде толық іске қосылады. Дайын жабдықтар Қарағандыда жасалған. Бағасы 9 миллион теңге шамасында.  Кәсіпкер бұл шығынды аялдаманың сыртқы жарнамасынан және коммерциялық блогынан өндіріп алам деп отыр.

Ерлан Жәнібеков, кәсіпкер:

- Аялдама үш бөліктен тұрады. Бір бөлігі - коммерциялық. Оны жалға беруге болады. Екінші бөлігі - жылы аялдама, үшінші бөлігі - ол ашық тұратын жерлері. Осындай 60 аялдама қондырып жатырмыз.

Аялдамаға электр, интернет желілерін тартып, олардың құжатын рәсімдеуге  инвестор қосымша қаржы мен уақыт шығындаған. «Әкімдік осы жағынан да көмектессе», - дейді кәсіпкер. Қала билігі Ерлан секілді азаматтарды жобаға тартуға мүдделі. Себебі, бұл аялдамаға бір тиын бюджет қаржысы кетпейді. Оның үстіне қаланы көріктендіре түсуді Президент өткен аптада тағы тапсырды.

Нұрлан Жақыпов, «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Қалаға шамамен 200 жылы аялдама керек. Біз қазір бірнеше инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 60-80 аялдама бойынша келіссөздер аяқталуға жақын. Олар МЖӘ әдісімен жүзеге асады.

Жалпы  Астанада жылы аялдамаларды салу осыдан бірнеше жыл бұрын басталды. Бірақ, ол кезде әрбір осындай нысанға 10-ған миллион теңге мемлекет қаржысы жұмсалды. Олардың тазалығы мен жалпы жағдайына қатысты да  көп сын айтылды. Сондықтан да инвестор салған аялдамалар қай жағынан алсаңыз да әлдеқайда тиімді.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу