Көпқабатты үйлердегі жеделсатылардың техникалық жағдайы жаппай тексеріледі. Ақтөбедегі қайғылы оқиғадан кейін ғана жергілікті билік осындай қадамға барды.
Еске салсақ, төртінші сәуір күні 28 жастағы Айзат Әбдісамат тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде қысылып қалып, мерт болған еді. Жеделсатының қызметіне «Жаңабек сервис» серіктестігі жауапты болған. Қазір ескі лифттердің барлығы қайғылы жағдайдан кейін тоқтап тұр. Көпқабатты тұрғын үйлердің лифттерін тексеру үшін өңірде арнайы комиссия құрылды.
Нұртай Сертаев, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Комиссия тобының құрамына тұрғын үй инспекциясының қызметкерлері, азаматтық қорғаныс, өнеркәсіп қауіпсіздігі және сараптама ұйымдарының мамандары енгізілген. Жұмыс тобының қорытындысы ағымдағы жылдың 30-шы сәуіріне дейін аяқтау жоспарланған.
Астанада да жағдай мәз емес. Бүгін қала әкімдігінің аппараттық кеңесінде шаһар басшысы Әсет Исекешев қауіпті лифтілер үшін қылмыстық іс қозғауды ұсынды. Өйткені, бұған дейін қолданылып келген әкімшілік шаралар тиісті нәтиже бермеуде. Ал, қызмет көрсетуші ұйым өкілдерінің айыппұл төлеп, айласын асырып жүре беруге әбден еттері үйреніп кеткен.