Енді ауыл тұрғындары да «Электронды журнал» арқылы балаларының сабақ үлгерімін үйде отырып қадағалай алады. Сондай-ақ, шалғай елді мекендердегі мұғалім тапшылығы да қазір интернет арқылы шешіліп отыр. Бұл игі жобалар Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында қолға алынған. Қазір мұндағы білім ошақтарының барлығы жаппай кең жолақты ғаламтор желісіне қосыла бастады.
Матақ ауылындағы №15 орта мектепте «Электронды журнал» пайда болғалы мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, жұмысы жеңілдеген. Таңертең сабағын беріп, түстен кейін үй тапсырмаларын арнайы бағдарламаға жүктейді.
Роза Отарбаева, Матақ ауылындағы №15 орта мектептің директоры:
- Екінші жартыжылдықтан бастап мұғалімдеріміз электронды журналға көшіп, осы журнал бойынша жұмыс жасап жатыр. Өте тиімді, қағазбастылықтан кішкене болса да арылдық.
Ауылдың қым-қуыт тірлігінен қолы босай бермейтін Айгүл Көпежанова енді балаларының оқу үлгерімін, мектептегі тәртібін үйде отырып-ақ қадағалай алады. Бұған қоса сабақта не оқығанын және үйге қандай тапсырма берілгенін де интернет арқылы біліп отырады.
Айгүл Көпежанова, Матақ ауылының тұрғыны:
- Үй тапсырмаларын аламыз. «Электронды журналда» түгел бағалар да болады екен.
Ал, Көктас ауылындағы орта мектеп интернет келгелі ресурстық орталыққа айналды. Қазір мұнда бала саны 250-ден асады, мұғалім де жеткілікті. Олар көршілес жатқан 4 бірдей ауылдың оқушыларына интернет арқылы дәріс береді. Себебі, ол жақта мамандар тапшы.
Даниял Тұрсынбаев, Көктас ауылындағы №4 орта мектептің директоры:
- Сол мектептің электронды поштасына біз тапсырманы саламыз. Ол жақтағы мұғалімдер алып, оқушыларға таратып береді. Олар тапсырмаларды орындап, кейін жібереді. Сонда екі ортаға жүгіріп жүрудің керегі жоқ.
Келешекте маманы жоқ мектептерге ауылдық округ орталығынан сабақты онлайн жүйесінде өткізу жоспарланып отыр. «Оған ғаламтордың жылдамдығы мүмкіндік береді», - дейді директор. Қазір Қарқаралы ауданындағы 41 мектепке кең жолақты интернет желісі тартылған. Ендігі жерде шалғай елді мекендердегі білім ошақтарын интернетпен, қосымша компьютермен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ