Ақтөбеде Мәскеуден Қырғызстанға бет алған автобусқа белгісіз біреулер қарақшылық шабуыл жасаған. Оқиға алтыншы сәуір күні түнгі уақытта болған. Салдарынан шағын автобустағы бір жолаушы зардап шекті. Оқ тиіп жарақат алған азамат қазір теміржол ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы ауыр. Қала маңындағы Ақшат ауылына апарар тас жолда болған оқиғаны полиция тексеріп жатыр.
Ерболат Сарқұлов, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Алтыншы сәуірде шамамен түнгі сағат бір шамасында белгісіз біреулер қару қолданып, «Mercedes-Benz» автобусының жолаушысына қарақшылық жасап, одан ақша және де алтын бұйымдарын тартып алып кеткен. Қырғызстан Республикасына тиесілі микроавтобус Мәскеу қаласынан Қырғызстан Республикасына жол жүріп бара жатқан. Жәбірленуші Ақтөбе қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Қарақшылық бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.