Елімізде әскери ұшқыштардың жалақысы 500 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін
Бұл туралы Парламент Мәжілісінде Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов мәлім етті. Қазір елімізде бірінші санаттағы ұшқыштарға 270 мың теңге жалақы төленеді, ресейлік әріптестері шамамен айына 800 мың рубль, ал, қазақстандық әуе компаниялардың ұшқыштары 1,5 миллион теңгеге дейін айлық алады екен. Жалақысы мардымсыз болған соң, әскери ұшқыштар азаматтық авиацияға кетіп жатыр.
Былтыр қыркүйекте Петропавл әскери институтында 19 жастағы сарбаз қайтыс болған еді. Ұлттық ұлан әскерлерін даярлайтын институт курсанттары арасындағы төбелестің соңы қатардағы жауынгердің өлімімен аяқталған. Бұл әскери тәрбиенің жетіспеуі. Парламенттік тыңдауда депутаттар осы мәселеге алаңдаушылық білдірді. Тіпті Бас әскери прокурордың мәліметіне қарағанда, өткен жылы 27 қылмыс тіркеліп, оның ішінде белең алғаны парақорлық. Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Талдықорғанда әскери қызметінің өзінің басшысына оқ атуы туралы өз болжамын айтты.
Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Бұл әскери қызметші Қарулы күштер қатарына жастарды шақырту мәселесіне жауапты болды, осы орайда күн сайын бұйрықтар болады, талаптар қойылатыны анық. Бұл тұрғыда оның қызметінде шынымен де тиісті қиындықтар болуы мүмкін. Сонымен қатар, марқұм болған әскериге қатысты жаман пікір айтқым келмейді, бірақ та ол басшы ретінде қарамағындағы әскериге жоғары талаптар қойған да шығар. Өз кезегінде орынбасары бұл жүктемеге шыдай алмаған болар.
Жасұзақов әскерилерді тамақтандырудағы сатып алулар кезіндегі проблемаларды атады. Бүгінде тамақтандыру құны 1225 теңге. Осы ретте тәулігіне 4231 килокалорий болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, сарбаздарды, курсанттарды үш рет тамақтандыру керек. Алайда, жыл сайын конкурсқа қатысатын фирмалар тапсырысты ұтып алу үшін өз қызметтерінің құнын 650-900 теңгеге дейін төмендетеді. Бұл тұрғыда ештеңе істей алмаймыз, конкурс заңнама аясында өткізіледі, сәйкесінше, онда төменгі бағаны ұсынған ұтады дейді. Премьер-министрдің атына хат та жолданған екен.
Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Біз қазіргі кезде «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңнамасын қарастырып жатырмыз. Менің ойымша, Қорғаныс министрлігінде бұл тақырыпты ұзақ талқылаудың қажеті жоқ. Егер де әскери қызметшінің энергиялық теңгерімі физиологиялық тұрғыда айқындалып, оны тамақтандыру бойынша 1200 теңге қажет болса, онда бағаны төмендету шаралары туралы айту дұрыс емес. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігінің назарын бұл мәселеге аудартқым келеді.
Кейінгі кездері Қорғаныс министрлігін қатты еркелетіп жүрміз. Қазынадан бөлінетін қаржы да жыл сайын ұлғаюда. 2017 жылмен салыстырғанда 2020 жылда жарты триллионнан астам қаражат артық бөлінді. Соның ішінде білім, оқу мәселесіне бар болғаны 11,5 млрд. ақша қаралып отыр.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңағы жарты триллион ақшаның бәрі сонда қайда кетпек? Техника өсіп отыр, ал, оқушыларды өсіріп отырған жоқсыз.
Сондай-ақ, Омархан Өксікбаев біздің генаралдарымыз патриоттық сезімін жыл сайын жоғалтып бара жатқанын, сотталып жатқандарының көбейгенін айтты. Ал, әріптесі Нұртай Сабильянов әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуде шешілмеген мәселені көтерді. 20 жылдан аз қызмет істеген әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету ендігі кезекте мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жайларымен алмастыру арқылы жүреді, ал, 17-18 жыл істегендер бұл тізімге кірмей қалды.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Олар қазір жекешелендіруге жатпайтын әскери қалашықта тұрып жатыр. Олар денсаулығына, шекті жасына толуына байланысты әскери қызметтен шығарылып отыр.
Бүгін депутаттардың тарапынан айтылған сын, тағылған мін көп. Үш сағаттан астам тік тұрып, барлық сұрақтарға жауап берген министр тілшілерден қашпады. Сұхбат беріп болған соң суретке түсуге шақырды.
Индира БЕГАЙДАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы