Қостанай облысында 1 млн. шаршы метр баспана салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 1 млн. шаршы метр баспана салынады

09.04.2018

Баспана мәселесі – басты назарда. Биыл Қостанай облысында 269 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Аталмыш мақсатқа 22,4 млрд. теңге бөлінді. Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алдағы бес жылда аумағы 1 млн. 150 мың шаршы метр болатын баспана құрылысы жоспарланған. 

Мұртазиндер отбасы жер кезегіне 2007 жылы тұрған. Былтыр мемлекеттік бағдарлама көмегімен Заречный ауылында өздеріне тиесілі жер учаскесімен қоса дайын баспанаға қол жеткізді. Әуелі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» есепшот ашып, бастапқы 3 млн. теңге қаражат аударыпты. Сөйтіп, тиімді шарттармен 15 жыл мерзімге ипотека рәсімдеді. Қазір банкке ай сайын 70 мың теңге төлеп тұрады.    

Сағира Мұртазина, Заречный ауылының тұрғыны:

- Үй салу үшін қаражат болу керек. Ондай қаражатты қарапайым адамдарға жинау оңай емес. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» осындай жағдай туғызғаны өте қолайлы деп есептейміз.

«Үйіміз кең, әрі жайлы», - дейді отағасы. «Алдағы уақытта ауласындағы 10 сотық жерге монша, гараж салып, бақша өсіремін», дейді.

Еркебұлан Мұртазин, Заречный ауылының тұрғыны:

- Үйге бір-екі бөлме қосуға мүмкіндік бар. Кеңейтуге де болады. 

Соңғы үш жылда жалпы өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Қостанай облысы баспанамен қамту бойынша республикада Астанадан кейін екінші орында келеді. Былтыр 2,5 мың отбасы пәтерге қол жеткізді. 500-ге жуық жеке тұрғын үй қолданысқа берілді. Осылайша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аймақта сәтті орындалды. 

Талғат Болатов, Құрылыс және сәулет басқармасының басшысы:

- Пәтерге және жер учаскесіне деген сұраныс жыл сайын артып отыр. Үш жылдың ішінде 1141 кезекте тұрған адам баспанаға қол жеткізсе, кезекке жаңадан тіркелгендер саны 3142-ге жетті. Біз 21 жобаны дайындап қойдық, Қостанай қаласы, Рудный, Затобол, Мичурин ауылдарында жекеменшік үй салғысы келетіндер қатары көп.

Жалпы, соңғы 10 жылда облыс тұрғындарын баспанамен қамту үлесі 30 пайызға артқан. Бүгінде бір адамға шаққанда 21,8 шаршы метрден келеді. Мақсат - көрсеткішті 2030 жылға дейін 30 шаршы метрге жеткізу.

 

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу