Алматы облысында жаңа аудан құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жаңа аудан құрылды

09.04.2018

Райымбек ауданы Кеген және Райымбек болып екіге бөлінді. Шекаралық аймақта орналасқан Райымбек ауданының әкімшілік орталығы Нарынқол ауылына ауысса, ал, Кеген ауданының орталығы Кеген елді мекені аталды. Нарынқол ауылының қайта аудан орталығы болуы бүгінде өңі қашқан өңірге қандай серпін береді?

Тарихта түрлі себептермен бірнеше рет көршілес Кеген ауданымен біріктірілген Нарынқол 21 жылдан кейін қайта түледі. Осымен 3-ші рет өз алдына жеке аудан орталығы болып ашылды. Ал, ауданы бұрынғыша Райымбек батырдың атымен аталады.

Бұл жаңалыққа Нарынқол ауылының тұрғындары бек қуанды. Себебі, аудан жабылғаннан бері ауылдың сұрқы қашқан. Халықтың бәрі үйлерін тастап, қала кезіп кеткен. Ал, жастар ауылдан жұмыс таппаған соң мектеп бітіре салысымен сыртқа ағылады. Соның салдарынан, 1997 жылы Нарынқолда 16 мыңдай адам болса, бүгін соның тек 6 мыңы қалған.

Қанат Ахметов, Нарынқол ауылы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Тек ата-апаларымыз, ағаларымыз, зейнеткерлеріміз қалды. Ауылдағы тіршіліктің болмауынан жастарымыздың көбі қала жаққа қоныс аударып кетті.

Тоқан Тоқтарбеков, Нарынқол ауылының тұрғыны:

- Бұл үлкен жаңалық. Жаңалық болғанда сөзбен айтып жеткізу қиын. Аудан болатынын 20 жылдан аса күттік. Түбі келді.

Орталықтан шалғай жатқан, шекара маңындағы ауыл соңғы жылдары назардан тыс қалып, мектеп, аурухана, пошта, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандар жабылып, қаңырады. Сондықтан, ауылды аралап, бүгінгі жай-күйімен танысқан облыс әкімі Амандық Баталов бұрынғы әкімшілік ғимараттардың бәрін қайта жаңғырып, жұмыс орындары ашылатындығын жеткізді. Шекарада жатқан ауылға жан бітіру үшін қыруар қаржы жұмсалатындығын да айтты.

Амандық Баталов, облыс әкімі:

- Қазір көшу үшін республика бюджеті мен жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге бөлініп жатыр. Жол жасау керек, тағы басқа. Кейбір ғимараттар тозып қалған, оны жаңартуға болмайды. Солардың бәрін дұрыстап, қалпына келтіріп, тазалауға тағы да қаржы бөлеміз.

Сапар барысында аймақ басшысы екі ауданның жаңа әкімдерін тағайындап, халықтың алдында тапсырмалар мен міндеттерді жүктеді. Осылайша, Райымбек ауданының әкімі болып Жолан Омаров тағайындалды. Кеген ауданын Талғат Байеділов басқарады.

Ал, ауыл тұрғындары кезінде нарықтың талабымен біріктірілген Нарынқол мен Кеген өңірінің қайтадан бөлініп, бөлек аудан мәртебесіне ие болуы - өңірдің дамуына тың серпін береді, деп сенеді.

 

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу