Аралдың тұзы Қытайға экспортталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралдың тұзы Қытайға экспортталады

09.04.2018

Аралдың тұзы Қытайға экспортталады. Екі тарап келісімге қол қойды. Ал, сәуір айында жылына 300 мың тонна кальцийлендірілген сода шығаратын зауыттың құрылысы басталады.  Экономиканы әртараптандыру мақсатында қолға алынған жоба арқылы 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Қазір еліміз кальцийлендірілген соданы Ресейден алып  отыр. Жылына 400 мың тонна өнім импортталады. Егер өнім өзімізде шығарылса, сұраныстың 75 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Қажетті шикізат тұз бен әктас. Оған қатысты мәселелер толық шешілді.

Жанар Берденова, облыстық Индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл жобаны іске асыру үшін Қытайдың трансұлттық компаниясы - «Хай Си Дешн» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылды. Үш жылдың ішінде осы зауытты салып боламыз деген жоспарымыз бар. 4 ірі тұтынушымен алдын ала өнімді сатып алу бойынша да келісімдер жасалған.

Жобаны жүзеге асырушы «Аралтұз» өркендеген кәсіпорын. Бір ауылдың тұрғындарын түгел жұмыспен қамтып отыр. 1200 адам еңбек етеді. Солардың бірі, Аслан Жаңабаев - жас маман. 

Аслан Жаңабаев, ауысым шебері:

- Бұл жерде 6 автомат жұмыс істейді. 80, 90, 95 мың тоннаға дейін береді. Әр автомат 8 сағатты 15 тоннадан береді.

Тұздың түр-түрі бар. Ас тұзынан бастап, малды бордақылау үшін жемге қосып беретін –брикеттелген тұзға дейін шығарылады. Тұз міне, осы жерден, яғни, көлден қазылып алынады. Сосын ол өңделеді, байытылады, қапталады. Осы процестің барлығы жаңа технологияның  көмегімен жүзеге асырылуда.

Нағашыбай Әуезханов, «Аралтұз» АҚ вице-президенті:

- Екі тұз өңдеу цехымыз бар. Испан техникасымен жабдықталған. Олардың тұзды майдалауы, тазалауы өте жоғары сапада.

Ас тұзына әлемдік нарықта сұраныс жоғары. Қазір кәсіпорын шығарған өнімінің 65 пайызын  Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия елдеріне экспорттап отыр. Ал, 2019 жылдан бастап Аралдың бренді Қытайға тасымалданады.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу