Көктемгі егіс жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көктемгі егіс жұмыстары басталды

06.04.2018

Елімізде көктемгі егіс жұмыстары басталды. Биыл өңірлерде 21,8 миллион гектар жерге егін егілмек. Оның жартысынан астамы дәнді-дақылдар. Ал, егістікті әртараптандыруға байланысты бидай алқаптарының көлемі былтырғыдан анағұрлым азайып отыр. Егістік үшін бүгінде 2,6 миллион тонна тұқым дайындалған. Шаруаны қолдау мақсатында жылдағыдай арзан бағадағы жанар-жағармай қоры жасақталып отыр.

Ордабасы ауданындағы мына шаруашылық биыл 456 гектар жерге мақта екпек. Тұқым шетелден әкелінген жаңа қондырғымен себіледі. Жаңа технологияның артықшылығы көп. Тұқым біркелкі өсіп шығады. Бұл өнім көлемін арттыруға негіз болмақ.

Егіс жұмыстары үшін биыл арзан бағамен 375 мың тонна жанар-жағармай бөлініп отыр. Бүгінде оны шаруаларға үлестіріп беретін операторлар анықталып, дизель отынының 90 пайызы аймақтарға жөнелтілген. Сондай-ақ, егістік үшін 365 мың тонна минералды тыңайтқыш беріледі. Алайда, кооперативке бірігудегі кейбір түсінбеушіліктің салдарынан шаруалар Үкіметтің бұл жеңілдігін пайдалана алмай отыр.

Биыл  ауыл шаруашылығын субсидиялау  ісінде де өзгеріс көп. Элиталы және бірінші репродуктивті тұқым еккен шаруашылықтар Үкіметтен қаржылай көмек алады. Есесіне, дәнді және майлы дақыл өсіретін диқандардың еңбегін субсидиялау тоқтатылды.

Ендігі негізгі міндеттің бірі - ауыл шаруашылығының заманауи әрі озық  техникаларын  көбейту. Осыған байланысты Үкімет сатып алынған шетелдік техника бағасының 25 пайыз субсидияламақ. Сондай-ақ, фермерлер үшін лизингтік жүйеде де бірқатар жеңілдіктер қарастырылып отыр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу