Алматының «Көкжиек» шағын ауданындағы үйлердің бірінде кеше болған өрт кезінде баспанасынан айырылған тұрғындарға көмек көрсетілді. Жергілікті әкімдік пен қалалық құтқару қызметі №177 жалпы білім беретін мектепте арнайы штаб құрып, тұрғындарды жатын орын және ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Ал, шаһардың тұрғындары да қолдан келген көмектерін аямай, киім-кешек пен күнделікті тұтынуға қажетті заттарды әкеліп беріп жатыр. Жапсарласа салынған 31 және 32-үйлердің мансартын қосқанда 96 пәтер бар. Оның 26-сын өрт шалған. Ал, 50-ден астам пәтер өрт сөндіру кезіндегі судан зақымданған. Қалалық әкімдік өкілдері мансарттағы үйлерді жеке компания жөндеп беретіндігін айтты.
Алайда, пәтер жалдап тұратын отбасылардың тұрмыстық заттарының шығынын кім өтейтіні әлі белгісіз. Ал, судан бүлінген және шала жанған пәтер иелеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы төленеді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ