Депутаттар ел ішінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар ел ішінде

06.04.2018

«Өрт сөндірушілерге бюджеттен бөлінетін қаражатты қайта қарау қажет». Бүгін Астанадағы өрт сөндіру бөлімін аралаған Мәжіліс депутаттарының пікірі осындай. «Қазір жас құтқарушылардың орташа жалақысы 45 мыңнан басталады, ал айлық көтерілу үшін кем дегенде 5 жыл тәжірибе жинау керек»,- дейді депутаттар. Сондай-ақ, техникалық жарақтандыру мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту тақырыбын депутаттар мәселе қылып көтеретіндіктерін жеткізді. 

Тұрғын Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бір күнде шешіле салатын жағдай емес, бірақ жыл сайын материалдық техникалық жағын дұрыстау керек. Негізі көлік, жанармай жағынан проблема бар.

Сондай-ақ, өңірлерге сапар аясында бүгін Мәжілістің бір топ депутаты теріскейдегі ірі кәсіпорындарға барып, еңбеккерлермен, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Олар өңірдегі ең ірі «Зенченко және К» серіктестігінде болып, қазіргі жұмысымен және алдағы жоспарымен танысты.

Ал, Маңғыстау облысына іс-сапармен барған мәжілісмендер шалғай ауылдарды аралап, халықтың өтінішін тыңдады. Бес әлеуметтік бастамадағы негізгі бағыттарды талқылады.

Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл серіктестік ұзақ жылдар бойы өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп жатыр. Барлық процестер мал ұстау, сүт сауу компьютерленген. Өздерінің мамандарын, ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтып жатыр, барлық әлеуметтік нысандар жақсы деңгейде. Осындай аграрлық кәсіпорындар елімізде көп болуы керек.

 Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шағын несие алып, шағын өнеркәсібін ашып жатқан кәсіпкерлермен кездесіп қайттық. Сондай-ақ, ел экономикасына елеулі үлес қосып жатқан азаматтармен таныстық.

Осымен депутаттардың 10 күнге созылған жұмыс сапары аяқталды.  Енді халық қалаулылары осы кездесулерде айтылған мәселелерді Парламент мінберінде көтермек.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу