122 мың гектар егістік алқабының қазір 57 пайызы дән себуге дайын. «Жанар-жағармай жеткілікті», - дейді мамандар. Ала жаздай алқапты баптап, қамбасын астыққа толтыруды ойлап отырған шаруалар биыл өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Жердің тоңы жібіп, шаруаға кіріскен диқандар масақты дақылдардың жартысына жуығын егіп үлгерді. Күн райы қолайлы, бар техника тоқтаусыз тұқым себуде.
Берік Нығмашев, Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Техниканың бәрі 100 пайыз дайын. Барлық шаруашылықтар қажетті тұқыммен қамтамасыз етілген. Жанар-жағармай тиісінше жеткізіліп жатыр.
Биыл өңірде егіс алқабы 19 мың гектарға ұлғаяды. Шаруалар дәнді және майлы дақылдар мен қант қызылшасын көптеп өсірмек. Алайда, тәтті түбірден пайда табам деген диқандарды алаңдатқан мәселе бар. Тұқым қымбат.
Бұдан бөлек, өткізілген өнім үшін зауыттан төленетін қаржы жайын да қарастыру қажет. Кейбір шаруа қожалықтары тиісті ақысының бір бөлігін әлі күнге алмаған. Шаруа жайын көзбен көрген өңір басшысы сала мамандарына бұл мәселені тез арада реттеуді тапсырды.
Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ