Алматыдағы «Көкжиек» ықшам ауданында көпқабатты үйден өрт шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы «Көкжиек» ықшам ауданында көпқабатты үйден өрт шықты

05.04.2018

Қызыл жалын әсерінен 300-ден астам адам эвакуацияланды. Апаттан зардап шеккен азаматтар жоқ. Бірақ, бірнеше пәтер жанып кетті. Әзірге өрттің неден шыққаны туралы нақты мәлімет жоқ.

Жетісу ауданы, Көкжиек ықшам ауданындағы 32 үйде өрт шыққаны туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментіне түскі сағат 16:03-те хабар түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 8 минуттан кейін жеткен. Ал, барынан бір мезетте айырылған үйдің тұрғындары естерін жия алар емес.

Ләззат Батырхан, қала тұрғыны:

- Менің үйімнен түк қалмады. Бәрі өртеніп тек қаңқасы ғана қалды. Ештеңе алып үлгере алмадым.

Өртке оранған үйдің тұрғындары мамандардың жылдам қимылдамағандарын айтады. Тіпті, келіп алып қарап тұрды деп наразы болғандар да бар.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 70-ке жуық өрт сөндіруші мен 20 арнайы техника жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, апаттан зардап шеккендер жоқ.

Күтпеген жерден болған тілсіз жаудың кесірінен материалдық шығынға ұшыраған пәтер тұрғындары не істерлерін білмей дал. Далада қаламыз ба деп қорқады. Десек те, олар көп түкірсе көл демекші, халықтан көмек күтіп отыр.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу