Өкінішке орай, осы лифттен зардап шеккендердің қатары азаймай отыр. Ақтөбеде көпқабатты үйдің жеделсатысына қысылып, 28 жастағы келіншек көз жұмды. Дәрігерлер оқиға орнына келгенімен, тұрғынды аман алып қалу мүмкін болмады. Қазір осы оқиғаға байланысты Ішкі істер органдары тергеу амалдарын бастады. Сараптама тағайындалды.
Қайғылы оқиға кеше 9-дар шамасында болды. 3 жасар қызымен кіре бергенде, жеделсаты жүріп кетіп, аяғы қысылып қалған. Көмек келгенше Айзат Әбдісамат көз жұмды. Бала аман. Бұл үйдегі лифтке 21 жыл. Тұрғындардың айтуынша, жиі бұзылады. Есігі тез ашылып, лезде жабылып калады екен. «Кейде кіріп те үлгере алмай жатамыз», - дейді олар.
«Жаңабек сервис» ЖШС-нің қарамағындағы бұл үйлердің көбінде лифт ескі, тозығы жеткен. Мекеме басшысының айтуынша, дәл осы лифтті осыдан бірнеше күн бұрын жөндеген.
Ерболат Сарқұлов, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Қазіргі таңда осы дерек бойынша алдын ала тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР-ның Қылмыстық Кодексінің 278-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптама тағайындалды.
Айзат жергілікті көрерменге «Қайырлы таң, Ақтөбе!» бағдарламасының жүргізушісі ретінде танылды. Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі болатын.
Жұлдыз АЛМАСҚЫЗЫ