Биыл Астананың шағын аудандарында 100-ге жуық көше жөндеуден өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Астананың шағын аудандарында 100-ге жуық көше жөндеуден өтеді

04.04.2018

Бас қаланың 20 жылдығына орай әкімдік қызу дайындық жүргізуде. Қалада жаңа көшелер ашылып, кейбір жолдар ұзартылады. Өкінішке қарай, елордада жөнделген жолдар көп ұзамай сыр береді. Шұқыр тесіктер пайда болып, көліктерге зиян келіп жатады. Жолдың зардабын тартқан  жүргізушілер редакциямызға хабарласып, мәселенің қашан шешілетінін анықтап беруді өтінді.

Бұл көріністер Астанада жылда қайталанады. Көктем келіп, қар ери бастағанда ақ мамықтың астынан ойылған қара жерді көру көзге үйреншікті құбылыс болып кетті. «Жол жылда жөнделсе де, жыры бітер емес», - дейді елордалық жүргізушілер.

Мамандар жолдың жиі жөнделуінің түрлі себебі бар екенін алға тартады. Айтуларынша, алдымен жол құрылысында пайдаланылатын материалдардың сапасына үлкен мән беру керек. Жол ғылыми-зерттеу институты елорда әкімшілігінің тапсырысымен жол салуға қажетті арнайы құжат бекіткен. Оған сәйкес, құрылыста битумның 100-130 маркілі түрі қолданылуы тиіс. Екіншіден, жолдың нашарлауына Астананың климаты да әсер етеді.

Бағдат Телтаев, «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті:

- Қатты аязда төменгі температуралық жарықтар пайда болады, жазда құрамы дұрыс жобаланбаса, дефармацияланады. Бұл табиғи құбылыс. Оған көлік айдап жүргендер де, әкім де кінәлі емес, бұл табиғаттың заңы.

Қалалық әкімшілік биыл шағын аудандарда ондаған жолды жөндеуден өткізбек. «Ауа райы жылынса, жұмысқа кірісуге сақадай саймыз», - дейді олар. Жол мәселесінің тез шешілуіне тұрғындар да атсалыса алады. Ол үшін әкімшілік ашқан 109 call орталығына хабарласып, мекенжайды хабарласаңыз жеткілікті.

Асхат Қарағойшин, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы:

- Биыл жөндеуден өтеді. 10-15 градус жылы болғаннан кейін қала бойынша жұмыстарды 2-3 аптада бітіреміз.

Былтыр Астана жолдарының жыртығын жамап, орташа жөндеу жүргізуге 6,6 миллиард теңге бөлінген. Қыстан кейін міне, тағы тас жолдардың жабындысы кетіп, көлік жүргізушілерін әбігерге салуда. Биыл жөндеу жұмыстарына қанша қаржы кететіні белгісіз. Бір нәрсе ғана анық: елорда жолдарына жылда қомақты қаржы бөлінеді. Сондықтан, мына шұрық-тесіктер таспен емес, теңгемен жамылып жатқандай әсер қалдырады.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу