Елорданың 20 жылдығына келетін меймандарға қаланың бар әсемдігін көрсету маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Астананың бас жоспарымен танысу барысында айтты. Қала әкімі Елбасыға шаһардың инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ, мәдени нысандарын көркейтуге бағытталған жобаларды таныстырды. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа архитектуралық және логистикалық құрылымдарды салу барысында әлемдік тәжірибені ескеру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, Президент тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін әлеуметтік жобаларға үлкен мән беруді тапсырды. Жиында астаналықтар асыға күтіп жүрген қаланың 20 жылдық мерейтойына дайындық барысы да пысықталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз 20 жыл ішінде Ұлы Дала төсінде бүкіл әлемге танылған жаңа әсем қала тұрғыздық. Бұл қала халқымыздың мақтанышына айналды. Әрине, бұл – қала әкімшілігінің, құрылысшылардың, сәулетшілер мен осы үдеріске атсалысқан көптеген адамның маңдай терінің жемісі. Біз биыл елордамыздың 20 жылдығын тойлаймыз. Қонақтарымыздың бәріне елорданың 20 жылда қол жеткізген тартымдылығын, әсемдігін және тыныс-тіршілігінің жоғары деңгейде екенін көрсетуіміз қажет.