Елордадағы мектеп асханалары талапқа сай емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы мектеп асханалары талапқа сай емес

03.04.2018

Астанадағы мектеп асханалары талапқа сай емес. «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігі шаһардағы 84 мектепке тексеру жүргізіп, жуығында түрлі олқылықтар бар екенін анықтаған. Асханалардың бірі тазалықты сақтамаса, енді бірі құнарсыз, дәмсіз, дәруменсіз тағамдарды балаларға ұсынып келген. Бұл мәселеге қатысты ата-аналардың да айтар өз уәжі бар. Сапасыз тағамның салдары неге соқтырады?  Мұны шешудің амалы бар ма?

Ақниет бүгін мектептен тағы көңілсіз қайтты. Жүзі шаршаңқы. Ештеңеге зауқы жоқ. Таңнан бері нәр татпаған. Өйткені, мектеп тағамдары көңілінен шықпайды.

Ақниет Әшім, оқушы:

- Мектеп асханасы мүлдем ұнамайды. Өйткені, дәмсіз. Суық. Сыныбымда 28 бала бар. Олардың жартысы бармайды. Оларға да ұнамайды.

Уақытының көбін мектепте өткізетін оқушылар үшін салауатты тамақтану бірінші орында болу керек. Алайда, бұл қағиданы орындап жүргендері саусақпен санарлық.  

Баласының жағдайына көңілі толмаған кейбір ата-аналар білім ордасындағы жағдайды зерделеп көрген. Айтса айтқандай, нәтижесі көңіл қуантпайды. 

Ақмарал Мәделханова, ата-ана:

- Өткен жылы балам оқитын болған соң №35 мектептегі тамақты көзбен көрдім. Салмағы алдамшы. Үш тамақты қосқанның өзінде бір балаға беретін ас мәзірі зорға шықты. Сол кәсіпкер әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр. Менің таңқалатыным, кәсіпкерлер неге баланы бизнес көзіне айналдырып бара жатыр?! Бала зат емес қой. 

25 жылдық тәжірибесі бар «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық қоры жыл басынан бері 80-нен астам мектепке тексеріс жүргізген. Олардың басым бөлігі талапқа сай емес.  Мәселен, балаға берілетін еттің мөлшері 50 грамм болу керек. Тексерісте кейбірі 10 граммға жетпеген.

Қабікен Закариянов, Астана қаласы «Әділет» қоғамдық денсаулық сақтау қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Тексерген мектептердің біреуі де үлгілі деп айтуға келмейді. Арзан, сапасыз тағамдарды алады. Мысалы, №72, №74 мектептердің тамағының бағасы 338 теңгеге қалай санасақ та жетпейді.

Франция, Ресей елдерінде мектеп асханасы жеке кәсіпкер иелігінде емес. Керісінше, арнайы тамақтану комбинаттары бар. Барлық мектептер тамақты сол орталықтан алады. Біздің елде мұндай ұсыныс жасалғанымен, іске асыруға құлық танытып отырған ешкім жоқ. Әр асхана түрлі кәсіп иелерінің құзырында. Ал, олар мол пайдаға кенелу үшін аянып қалып жатқан жоқ.

Ата-аналардың шағымын ескере отырып, елордадағы мектептердің біріне келдік. Тағамдар талапқа сай ма, сай емес пе, оны қазір көзбен көретін боламыз. Ол үшін маған арнайы маман көмектеседі. 

Бұл елордадағы №35 мектеп. 1000-ға жуық оқушы тегін тамақтанады. Тұтынушы құқығын қорғайтын арнайы маман тазалықтан бастап, бәріне зер салды. Тамақтың өлшемі, қажетті құжаттар, тағысын тағы, нормаға сай көрінеді. Өйткені, олар біздің келуімізден хабардар еді. Ал, тамақтың құнарлы, дәмділігін оқушылардың өзінен сұрап-білуді жөн көрдік. 

Өздеріңіз көргендей, асханаға келген 150-ге тарта оқушының ыдысы ботқасымен кері қайтты. Осылайша, бір балаға берілетін 338 теңге, бюджеттен бөлінген 3,5 млрд.-тың біраз бөлігі жуындыға төгіліп кете барды.

Білім басқармасы болса, әр мектептің жанынан кәсіпкер, директор, ата-аналардың басын қосатын бракеражды комиссия құрылатынын айтады. Бұл асхана желісіндегі кейбір мәселені реттейді деп үміттеніп отыр. 

Әсем Үсенова, Астана қалалық Білім басқармасы Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бөлімінің бас маманы:

- Бракеражды комиссия оқушылардың ұсыныстарын ескере отырып, оны басқа өнімдерге, балалар сүйсініп жейтін тағамдарға ауыстыра алады. Талаптар бірнеше рет сақталмай, мектеп әкімшілігі оны ескертіп, ол жағдайлар қайталанатын болса, мектеп директоры 30 күн ішінде сотқа беруге құқылы.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда мектеп оқушыларының 22 пайызы түрлі ауруға шалдыққан. 50 пайызы ішек жолдарының, 69 пайызы қан аздықпен науқастанады. Бұл көрсеткішпен оқушылар білім ұясына тарыдай болып кіріп, таудай болып шығам дегенше, сау болып аттап, ауру арқаламаса игі еді. Ата-аналарды осы мәселе қатты  алаңдатады.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу