«Боинг 737 MAX 8» ұшағы алғашқы рейсін орындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Боинг 737 MAX 8» ұшағы алғашқы рейсін орындады

02.04.2018

Осыдан бірнеше күн бұрын елімізге келген «Боинг 737 MAX 8» ұшағы алғашқы рейсін орындады. Шымкенттен Астанаға жолаушылар тасымалдаған әуе кемесі түстен кейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына қонды. Заманауи лайнерді әуежайда Үкімет өкілдері, Парламент депутаттары, дипломатиялық миссиялардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдары күтіп алды. Жаңа борт енді қазақстандықтарды ұзақ қашықтықтағы елдерге емін-еркін жеткізе алады.

Қазақстан -  «Боинг 737 MAX 8» ұшағын  Орталық Азияда алғашқы болып иемденген ел. Заманауи техникамен жабдықталған лайнердің бортына 186 жолаушы сыяды. Жаңа борт сағатына 840 шақырым жылдамдықпен еш қонбастан 6500 шақырымға дейінгі қашықтықты бағындыра алады. Бұл қазақ авиациясының тарихындағы елеулі күн.

Владимир Денисов, «Scat» әуе компаниясының президенті:

- Жаңа әуе кемесі тұрақты және чартерлік бағыттағы рейстерді жүзеге асырады. Алматы-Астана, Шымкент-Астана, Шымкент-Ақтау бағыттарында жолаушылар тасымалдауды жиілетеміз. Бұдан бөлек, Анталия курорттық аймағына да ұшуды жоспарлап отырмыз. Ұшақтың экипажы арнайы дайындықтан өтті.

Жаңа «Боинг» лайнерінің қозғалтқыштары толық ауыстырылып, соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталды. Жанармайдың шығыны алдыңғысымен салыстырғанда 14 пайызға аз жұмсалады. Әлем бойынша мұндай 107 лайнер бар. Оның алтауы енді Қазақстанға тиесілі.

Лайнердің нарықтағы құны 115 миллион доллар. Елбасының қаңтардағы АҚШ-қа  сапары аясында жасалған келісімге сәйкес ұшақтарға айтарлықтай жеңілдік жасалды. «Боингтардың» арқасында енді отандық әуе компаниялар шетелдерге жаңа 10-нан аса рейс ашпақшы.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу