Алматы зообағындағы жаңа аквариумға акулалар жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы зообағындағы жаңа аквариумға акулалар жіберілді

02.04.2018

Археологтардың зерттеуі бойынша 145 миллион жыл бұрын бор кезеңінде Қазақ жерінде акула тектес тіршілік иелері мекен еткен. Сондықтан, бұл көпшіліктің назарын аудартқан құбылыс. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарына теңіз тіршілігін Жер шарын шарламай-ақ, зообақтан тамашалауға мүмкіндік берді.

Нұрлан Асқарұлы,  тілші:

- Бүгін Алматы жануарлар бағында теңіз жыртқыштары мен айлы медузаларға арналған аквариум ашылды. Енді қала тұрғындары акуланы көру үшін мұхит асып сапар шекпейді. Өйткені, мұнда тропикалық балықтар мен экзотикалық жануарлардың сан түрі бар. Сондықтан, бұл алматылықтар үшін алысты жақындатқан үлкен жаңалық болды.    

Акуланы көріп, шаттанған халықта есеп жоқ. Бұған әсіресе, балалар қуанып жүр. Себебі, олар тек ертегіден естіп, теледидардан тамашалаған су жануарларының тылсым тіршілігін осы жерден көріп, ғажайып әсерге бөленді.  

Қазақ даласындағы археологиялық қазба жұмыстары барысында бор кезеңіне жататын акулалардың қаңқасы табылған. Ол шамамен 145 млн жыл бұрынғы кезеңді қамтиды. Яғни, теңіз тарпаңының қаңқалары Каспий ойпаты, Торғай, Сарысу және Ертіс маңы ойықтарының бор жыныстарында анықталған. Ал, қазір әлемде акуланың 450-ден аса түрі бар. Миллион жылдық эволюциядан өткен қауіпті жыртқыш кез келген табиғатқа төзімді, тіпті тұщы суда да мекен ете береді. Сондықтан, акула динозаврлар кезеңінде тіршілік етіп, тұқымы жойылмаған бірегей жаратылыс.

Нарқыз Бекен, Алматы облысының тұрғыны:

- Жалпы, бүгін акулаларды бірінші рет көруім. Бұрында шетелге барып акулаларды көрсем екен деп армандайтынмын. Осындай Алматы қаласында ашылып жатқанына, акулаларды басқа жақтан алып келіп жатқанына өте қуаныштымын. Жақсы бастау деп ойлаймын.  

Зообақтың тағы бір айтулы жаңалығы бірер күн бұрын суда мекен ететін аналық су сиыр әкелінді. Бұрын бұл жерде бір ғана аталық бегемот болған. Енді екі су сиырдың басын көбейтпекші.

Ақжәми Рахымқызы, Алматы хайуанаттар паркі ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі:

- Бізге кеше ғана Франциядан аналық су сиыр әкелінді. Енді біз жұптастырып солардан төл аламыз деп жоспарлаймыз.

Жалпы, Алматы хайуанаттар бағы жыл сайын түрленіп, ондағы жан-жануарлардың саны артып келеді. Орта Азиядағы теңдессіз зообаққа келушілер осы жерден қандай аң-құстарды көргісі келетінін айтып, ұсыныстарын жазып қалдырады екен. Олардың тілегі мүмкіндігінше ескеріліп, жыл сайын түрлі жануарлармен толығады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу