Ертістің суы арнасынан асып бірталай үй су астында қалды
Семейде табиғи сипатта жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Кеше Ертіске жақын орналасқан қаладағы Бобровка, Пристань аудандарын су басқан. Түс ауа тасыған су Мирный ауданына да жайылып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Мамандардың мәліметінше, ол аумақта 60 үйді су жайлаған. Қазір қаладағы қонақ үйлерге уақытша 252 адам орналастырылды. Көпшілік тұрғындар туған-туыс, көрші-қолаңның үйлерін паналап, көшіруден бас тартқан. Ертіс өзеніндегі сірескен мұзды жару бүгін екінші күн жалғасып жатыр.
Мирный кентіндегі тұрғындарының айтуынша, тасқын күндізгі сағат 4 шамасында басталған. Ал, түнде су деңгейі терезеге дейін көтерілген. Ауданның байырғы тұрғындары «мұндай соңғы 35 жылда болмаған»,-дейді.
Александр Рустамов, Мирный кентінің тұрғыны:
-Төтенше жағдайлар қызметі де, су жіберілген жағдайда хабарлайтындықтарын айтты. Сағат 23.00 мен 3.00-де бірден су келді. Міне, қазір екінші рет су жіберіліп жатыр. Ол жағалаудан шамамен 40 см-ге жоғары. Ал, мына жерде жағалаудан 1метрге биік.
Сәуле Сержанова, Мирный кентінің тұрғыны:
- Үйде немен жүрдік, сонымен шықтық. Түк ала алмадық.
Кешеден бері көшірілген тұрғындар қонақ үйлерге орналастырылған. Тамақтандырылып, қажет жағдайда медициналық көмек көрсетілуде. Тұрғындардың дені су басқанда құжаттарын да алып үлгермеген.
Кезекші дәрігердің айтуынша, кешелі бері 11 адамға медициналық қызмет көрсетілген.
Олеся Мухина, Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бас психологы:
- Әрине, тұрғындардың мазасы кетіп, уайымдап жылап отыр. Үлкендердің жағдайы балаларға да әсер етеді. Сондықтан, біздің мақсатымыз - оларды тыныштандырып, стресстік жағдайлардың алдын алу.
Төтенше жағдайдан келген шығынды есептеу үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Келген материалдық шығынды өндіріп алу үшін Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде өтініштер қабылдануда. Мал шығыны барларды қалалық ветеринария бөлімі қарап жатыр. Мамандар Ертістегі су деңгейі қазір қалыпты деңгейге біртіндеп түсіп келеді деп отыр.
Г.КАУКЕН
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы