Білім беру саласында кәсібін бастаған батыл жандар
Өз ісін ашып, өзгеге де жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Шағын бизнес өкілдеріне мемлекеттен де қолдау бар. Қиындықтан қорықпай, тәуекел еткен олардың табыс тарихы әр түрлі.
Банк қызметкері балабақша ашамын дегенде бәрі таңғалыпты. Мәдина Әжкенова үш жыл бұрын пәтерін сатып, өз ісін бастады. Алғашқы 100 орындық балабақша үшін ғимаратты жалға алды. Ал, екінші бөбектер мекеніне коттедж сатып алды. Кәсіпкерге «Даму» қоры көмектесті. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен несиенің 7 пайызы субсидияланады. Қазір мұнда 60 бала тәлім алып жүр. 11 адам еңбек етеді.
Мәдина Әжкенова, кәсіпкер:
- Психологтардың айтуынша, адам өзінің жақсы көретін ісімен айналысса бақытты болады. Балаларды өте қатты жақсы көремін. Бірнеше балам болса екен деген арманым болатын. Екіншіден, қазіргі таңда Үкімет балабақшаларына балалардың кезегі келмеуі үлкен сұрақтардың бірі болып отыр.
«Өзінше». Қызылжарда осындай қызық атауы бар білім беру үйі ашылды. Идея авторы - кәсіпкер Әсел Есжанова. Өз-өзін жетілдіру, қай істе де өзін сынап көру жастар арасында сәнге айналғанын ескеріп, орталыққа осындай атау беруді ұйғарған. Ағылшын тілінің маманы 8 жыл бұрын шет тілін үйрету курсын ашады. Кейін оны тіл үйрену мектебіне айналдырады. Енді міне, мемлекеттік бағдарлама көмегімен кәсібін кеңейтті. Білім беру үйінде жас өрен қаржылық сауатын ашып, шешен, шебер, зерек те зейінді болуға машықтанады.
Әсел Есжанова, кәсіпкер:
- «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасымен «Даму» қоры арқылы 5 млн. теңге жеңілдетілген несие алдым. Кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандары бизнес-жоспар жасап берді. Табыс табудың әліппесін үйретті. «Өзінше» білім беру үйінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Педагогтар 20 бағыт бойынша жұмыс істейді. Келушілер саны күн сайын артып келеді.
Тәуекел ету, қатерлерден қорықпау – өз ісін ашқандардың басты қағидасы. Табыстың кілтін тапқан оларға мемлекет те қолдау танытып отыр.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы